20.09.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Кака бастаған Қазақстан әлемді таңғалдыра ала ма?

Айнур Кабдуллин
Айнур Кабдуллин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
кака

Бірер күннен соң Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты басталады. Қазақстан құрамасы күні кеше Әндіжан қаласына келіп жетті.

Рикардо Кака бастаған команда мундиальға дайындықты тамыз айында бастап кетті. Алдымен Алматыда екі апта жаттығып, артынша бақылау матчтарын өткізуге Астанаға келді. Тәжікстан және Иран құрамаларына қарсы төрт ойын өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті.

Дайындық процесінің нүктесін қойған Алматыдағы Қазақстан — Аргентина матчы. Балуан Шолақ спорт сарайында өткен матчта біздің жігіттер 3:2 есебімен жеңді. Осылайша, бір айдан астам уақытқа жалғасқан дайындықтан кейін Қазақстан құрамасы Өзбекстанға жол тартты.

Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға дейін жеткен. Ал қола жүлде үшін болған матчта Бразилия құрамасына есе жіберді.

Өзбекстандағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы D тобына түскен. Біздің жігіттер Испания, Жаңа Зеландия және Ливиямен кездеседі.

Мундиальдің басты фаворитінің бірі D тобында. Алғашқы ойынды әлемнің екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының жеті дүркін жеңімпазы Испанияға қарсы өткіземіз. ФИФА құрамалар рейтингінде Бразилия мен Португалиядан кейін үшінші орынға жайғасқан.

Испания әлем чемпионатына жақсы бабында келді. Іріктеу кезеңінде он ойынның біреуінде де жеңілмей өтті. Тек Словениямен тең түскені болмаса. Құрамында тәжірибесі толысқан ойыншылар жиналған. Бойис, Адольфо, Катела мен команда капитаны Рауль Кампостың тәжірибесіне күмән жоқ.

Қазақстан мен Испания текетіресі қарсыластың пайдасына шешіліп тұр. Соңғы бес матчта Қазақстан бірде-біреуінде жеңіске жетпепті. 2016 жылғы әлем чемпионатында дәл осы Испаниядан ауыр жеңілгеніміз әлі жанкүйердің есінде шығар.

Келесі қарсыласымыз — Ливия. Бұған дейін екі мәрте әлем чемпионатына шыққан. Соңғы уақытта Африкада футзал қарыштап келеді. Соның дәлелі Ливия құрамасы. Әлем чемпионатының аутсайдері қатарына кірсе де, кез келген командаға тойтарыс бере алатындай қауқары бар. Өз құрлығында жүлде алған. Әлем чемпионатына дайындық барысында Украинамен тең ойнады.

Топтағы үшінші қарсыласымыз — Жаңа Зеландия. Әлем чемпионатына алғаш рет шыққан ұжым үшін бұл турнирдің маңызы зор. Біздің құрамаға қарсылық көрсете алмаса да, бір ұпайын алып кете алатын жағдайда. Бұған дейін Еуропа командаларымен кездеспеген. Қазір әлем рейтингінде 19 орында тұр.

Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында 14 ойыншы барады. Нақты тізімге 2 қақпашы мен 12 алаңдағы ойыншы енді. Олар:
1. Нарун Серіков
2. Игита
3. Арнольд Кнауб
4. Ринат Төреғазин
5. Ақжол Дәрібай
6. Әбдірәсіл Абдуманапұлы
7. Азат Валиуллин
8. Лео
9. Альберт Ақбалықов
10. Шыңғыс Есенаманов
11. Біржан Оразов
12. Дәурен Тұрсағұлов
13. Жахангир Рашит
14. Дуглас Жуниор

Айта кетейік, биыл Әлем чемпионаты 14 қыркүйек пен 6 қазан күндері өтеді. Қазақстан құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі. Билеттерді ФИФА сайтынан сатып алуға болады.
Қазақстан құрамасының ойындар кестесі:

15 қыркүйек
Испания – Қазақстан – 17:30
Әндіжан әмбебап спорт кешені, Әндіжан

18 қыркүйек
Ливия – Қазақстан – 17:30
Әндіжан әмбебап спорт кешені, Әндіжан

21 қыркүйек
Қазақстан – Жаңа Зеландия – 17:30
«Хумо Арена», Ташкент