25.02.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Испания және неміс клубтары басқа елдің командаларына қарсы ойнағаны қызығырақ болатын еді – комментатор Әлімжан Асқар Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі жанкүйерлерге бірқатар тартысты кездесулер сыйлады. Бізді Мадрид дербиі, «ПСЖ» мен «Ливерпуль» шайқасы, сондай-ақ «Бавария» мен «Байер» арасындағы неміс текетіресі күтуде.

Ағылшын клубтарына плей-офф кезеңінде толық үстемдік ету мүмкіндігі берілді, бірақ олар келесі кезеңге өте ала ма? Сарапшылар фавориттер мен мүмкін сенсацияларды болжауға кірісті.

Ал біз плей-офф кезеңінің басты интригаларын спорт комментаторы Әлімжан Асқармен талқылап көрдік:

– Жеребенің қорытындысына қатысты не дейсіз? Қай жұптың ойындары аса қызықты болмақ?

– УЕФА чемпиондар лигасының 1/8 финалы ерекше қызық өтейін деп тұр. Жеребе маған жақты, бірақ Мадрид дербиі және «Байер» – «Бавария» матчынан гөрі Испания мен неміс клубтары басқа елдің командаларымен ойнағаны әлдеқайда қызығырақ болатын еді. Мадрид дербиін талмай қызығып, тамашалай беруге дайынбыз. Ал «Байер» – «Бавария» ойыны Бундеслигада қызық өткен жоқ, енді Чемпиондар лигасында басқаша болса екен деп тілейміз.

– Қай командаға жеребе тарту рәсімі сәтті өтті, ал қайсысы қолайсыз қарсыласқа ие?

– Жеребе «Барселонаға» жолдас болды, бірінші қарсыласы «Бенфика», ал финалға дейінгі жолы даңғыл деп айта алмаймыз. Дегенмен, Каталонияның командасы биыл ақтық сынға дейін жетуі керек. Ал «Реалға» жеребе қиын түскенімен, клуб Чемпиондар лигасының королі ретінде қарсылас шақ келтірмей финалға дейін баруы мүмкін.

– Қай елдің клубтары Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде басымдыққа ие?

– Англия. Ағылшынның командалары келесі кезеңге түгел өтуі мүмкін. Бірақ, «Ливерпуль» үшін «Пари Сен-Жерменге» қарсы ойын қиын болады. Жалпы 1/8 финалдың басты матчы «ПСЖ» – «Ливерпуль». Мерсисайдтар ағылшын премьер лигасындағы жағдайын әжептәуір шешіп қоған. Енді бар назарын Чемпиондар лигасына бөліп, «Пари Сен-Жерменді» жарыс жолынан ысырып жіберуі мүмкін. Ал «Арсенал» ПСВ клубына қарсы ойында біраз тер төгеді, қиналады. Нидерландтық команданың мүмкіндігі 50 пайыз, бірақ «Арсеналдың» класы жоғары, келесі кезеңге шығуы керек. Тағы бір ағылшынның «Астон Вилла» ұжымы «Брюггеден» өте алады деп топшылауға болады. Испания клубтары да келесі кезеңге өтуі тиіс, бірақ «Реал» – «Атлетико» матчында біз Мадриттің бір командасымен қоштасамыз. Сондықтан испаниялықтардың саны азаяды.

Мадрид дербиі: «Реал» – «Атлетико»

– «Реал» мен «Атлетико» биылғы маусымда Ла Лигада қандай деңгейде өнер көрсетуде?

– Екеуі де үздік үштікте, чемпиондыққа талас жүргізуде. Әлбетте, «Реалдың» нәтижелері ала-құла. Десе де, Карло Анчелоттидің командасы қиындықтарға қарамастан Ла Лигада чемпион атанып кетуі де ғажап емес. «Барселона» мен «Реал» болмашы жерде ұпай жоғалтып жатқанын «Атлетико» тиімді пайдаланса, Симеоненың да жігіттері тұғырға көтерілсе таң қалмаспыз.

Cурет: © Angel Martinez / Stringer / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

– «Реалды» Чемпиондар лигасының басты фавориті деуге бола ма?

– Әрине, «Реал» келесі кезеңге өтсе, Чемпиондар лигасын жеңіп алуға мүмкіндігі мол командалар қатарында болады. Басты фаворит десе де болады. Чемпиондар лигасы қай маусымда қандай форматта өтсе де, «Реал» фавориттер қатарында.

– Бұл дерби Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде қаншалықты қызықты болмақ? Екі команданың тактикалық ерекшеліктері қандай?

– Бұл дерби Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде, Ла Лигада, Испания Кубогында, тіпті жолдастық кездесу болса да, ерекше қызық өтеді. Себебі бұл екі түрлі философияның қақтығысуы. Екеуі бір қаланың командалары болғанымен, екі түрлі әлем деуге келеді. Тактика тұрғысынан Карло Анчелотти, Диего Симеонеге қарағанда бір қадам алда болатын шығар. «Атлетико» «Реалға» допты беріп қойып, өз мүмкіндіктерін қарымта шабуылдарда іздеуі мүмкін. «Атлетико» ел чемпионатында «Барселонаны» жеңді және Мадрид дербиінде «Реалға» дес берді. Чемпиондар лигасын да осал бола қоймас. Бірақ, бұған дейін бұл командалар бес рет кездесті, бесеуінде де «Реал» келесі кезеңге өткен, екі рет финалда «Атлетиконы» ренжіткен. Бұл жолы да келесі кезеңге шығатын секілді.

– «Реалдың» артықшылығы неде? Анчелотти командасы «Атлетиконы» қалай жеңуі мүмкін?

– «Реалдың» артықшылығы – Чемпиондар лигасы. Бұл командалар арасындағы ойын Ла Лигада өтсе, жеңіске жету мүмкіндіктері 50 де 50 деп бағалайтын едік. Бірақ Чемпиондар лигасы «Реалға» қосымша күш сыйлайды. Сондықтан Анчелотти «Атлетикоға» қарсы ойынға дайын келеді. Ескі жау атыспаққа жақсы демекші, Карло Анчелотти «Атлетиконың» бүкіл қыр-сырын жақсы меңгеріп, түсініп келеді.

Карло Анчелотти Дереккөз: marca Сурет: getty images

– Симеоненің «Атлетикосы» «Реалды» жеңу үшін қандай тактика ұстану керек?

– Симеоне өзгерістер жасамайды. «Реалға» қарсы матчта қорғанысын басты назарда ұстайды және Антуан Гризманн бастаған жігіттер бір мүмкіндікті сәтті пайдаланып кетіп, бір гол айырмасымен жеңіске жетсе де таң қалмаймын.

«ПСЖ» – «Ливерпуль»

– «ПСЖ» мен «Ливерпуль» арасындағы текетірестің басты интригасы неде?

– Бұл командалар қазір Еуропада үздік ойын көрсетіп жүр. Дәл қазір Еуропадағы ең мықты ойынды «Ливерпуль» ұсынып жатса, екінші орында бәлкім осы «ПСЖ» болуы мүмкін. Әрине, біз «Барселона», «Реал» сияқты командаларды мықтылардың қатарына қосамыз, бірақ «ПСЖ» клубының қазіргі ойыны бұл бөлек деңгей. Жалпы, Луис Энрике команданың тізгінін мықтап ұстап алды және «Пари Сен-Жерменнің» биылғы философиясы маған қатты ұнайды.

– Мбаппе кеткеннен кейін «ПСЖ» клубының деңгейі төмендеді ме?

Мбаппе жоқ болса да «Пари Сен-Жермен» азулы команда ретінде қала береді және соның бір көрінісі франсуздардың ұжымына Хвича Кварацхелияның қосылғаны. Ол Чемпиондар лигасында өзін көрсете алады деп ойлаймын. Одан бөлек, Осман Дембеленің жарқылдап жүргеніне тәнтіміз. 2025 жылы Осман Дембеле «Алтын доп» иесі атанатындай ойын көрсетіп жүр, соны жалғастыруы керек.

Осман Дембеле Суреттің авторы: X / Ousmane Dembélé

– «ПСЖ» үшін негізгі қауіп қандай? Командаға «Ливерпульден» қандай қиындықтар күтуге болады?

– «Ливерпульді» АПЛ чемпионы атанды деп құттықтай беруге болады. Оған 99 пайыз бере едім. Биыл ағылшын премьер-лигасында Арне Слоттың шәкірттеріне лайық қарсылық көрсетіп жүрген команда жоқ. «Арсеналдың» өзі «Ливерпуль» мүкіндік беріп қойса да, оны пайдалана алмай, мерсисайдтарға жете алмай жүр. Слоттың ұжымын биыл тоқтатқан тек «Ноттенгем Форест». Бәлкім Чемпиондар лигасында «ПСЖ» ағылшындарға лайықты қарсылық көрсете алатын шығар.

«Бавария» – «Байер»

– Бұл маусымда Леверкузеннің «Байері» Бундеслигада өте жақсы өнер көрсетуде. Чемпиондар лигасында Хаби Алонсоның командасы «Бавариядан» басым түсе ала ма?

– «Байердің» үздік ойын өрнегін көрсетіп жүргені рас. Бірақ, былтыр клуб бұдан да мықтырақ болды. Маусымда жеңілместен чемпион атанды. Биыл «РБ Лейпцигке» жол берді және «Бавариядан» 8 ұпайға қалып қойды. Күні кеше ғана «Байер» мен «Бавария» арасындағы текетіресті Бундеслига аясында көрдік. Ойын 0:0 есебімен аяқталды. Негізі «Байер» 3:0 есебімен «Баварияны» талқандап тастауы керек еді. Бірақ мюнхендіктер өзіне керек есепті сақтап қалу үшін өзгеше тактиканы көрсетіп, тең нәтижеге қуанышын білдірді. Дегенмен, Хаби Алонсо «Баварияға» қарсы қалай ойнау керектігін үйреніп алды және осы кезеңде «Байер» «Баварияны» жарыстан шығарып жібереді деп ойлаймын.

– Бұл матчта қай ойыншылар көзге түсуі мүмкін?

– «Бавариядан» көзге түсуі мүмкін футболшыны мүлдем көріп тұрған жоқпын. Бәлкім, Харри Кейн Чемпиондар лигасында ерекше ойын көрсетіп, мергендігін танытатын шығар. Бірақ, маған жалпы «Баварияның» қазіргі ойыны мүлдем ұнап жатқан жоқ. Ал «Байер» сапынан Флориан Вирцтен гол күтеміз.

Флориан Вирц Сурет: Рене Нейхаус/ MB Media / GettyImages 

Чемпиондар лигасы 1/8 финалының алғашқы ойындары 4/5 наурызда, қарымта матчтар 11/12 наурызда өтеді.