19.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Грузин футболын білемін, енді осы тәжірибемді «Ордабасы» үшін қолданамын» — Лука Имнандзе Кутаисидің «Торпедосына» қарсы матчтар туралы

«Грузин футболын білемін, енді осы тәжірибемді «Ордабасы» үшін қолданамын» — Лука Имнандзе Кутаисидің «Торпедосына» қарсы матчтар туралы

Шымкенттік «Ордабасының» УЕФА Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды — ол Грузияның ең атақты клубтарының бірі, Кутаисидің «Торпедо» командасы.

Алғашқы матч 10 шілдеде Грузияда, ал қарымта кездесу 17 шілдеде Шымкентте өтеді.

Қазақстандық клубтың қарсыласы — елдің төрт дүркін чемпионы, бес мәрте Кубок иегері және үш рет Суперкубок жеңімпазы атанған команда. Бұл қарсыласу «Ордабасы» үшін еурокубоктардың топтық кезеңіне шығу жолындағы маңызды кезең болмақ.

Sport Pulse порталына берген сұхбатында «Ордабасы» сапында ойнайтын грузин шабуылшысы Лука Имнандзе жеребе, алдағы қарсылас және жанкүйерлердің рөлі туралы ойымен бөлісті.

— Лука, «Ордабасы» Кутаисидің «Торпедосымен» ойнайтыны белгілі болды. Жеребеден кейінгі алғашқы әсеріңіз қандай болды?

— Шынымды айтсам, ерекше эмоция болған жоқ. Бірақ дәл осы кезеңде грузин командасына қарсы ойнағым келмеген еді.

— Сіз грузин футболын жақсы білесіз. Қазіргі «Торпедо» туралы не айта аласыз?

— Иә, мен әрдайым грузин футболын бақылап отырамын — бұл мықты команда. Құрамында шабуылда да, қорғаныста да сапалы ойыншылар бар.

«Торпедо» ФК

— Алғашқы матч сырт алаңда, ал екінші ойын Шымкентте өтетіні қаншалықты маңызды?

— Менің ойымша, бірінші ойынды сырт алаңда өткізіп, кейін өз алаңымызда ойнау — үлкен артықшылық. Біздің жанкүйерлер ерекше атмосфера қалыптастырады, 90 минут бойы қолдау көрсетіп, бізге жеңіске жетуге күш береді.

— Сіз жақсы білетін грузин командасына қарсы ойнау сіз үшін қаншалықты ерекше жағдай?

— Мен Кутаисидің «Торпедосына» және жалпы грузин футболына үлкен құрметпен қараймын, бірақ дәл қазір мен — «Ордабасы» ойыншысымын. Сондықтан алаңда біздің команданың келесі кезеңге өтуі үшін бар күшімді саламын.

— Лука, осы матчтар алдында «Ордабасы» жанкүйерлеріне не айтар едіңіз?

— Бізге сеніңіздер және қолдауларыңызды аямаңыздар. Сіздердің қолдауларыңыз — команда үшін өте маңызды.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!