04.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Громыко: «Әліп пен Самородов – Қазақстан құрамасының көшбасшылары»

Громыко: «Әліп пен Самородов – Қазақстан құрамасының көшбасшылары»

«Қайрат» пен Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко алдағы Қазақстан және Ресейге қарсы өтетін жолдастық матчтардан не күтетінін айтып өтті. «Прессбол» басылымына берген сұхбатында ол Қазақстан құрамасының шабуылда қарымды екенін ерекше атап өтті.

Громыко әсіресе «Зенит» ойыншысы Нұралы Әліп пен «Ахматта» доп тебетін Максим Самородовтың шеберлігіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл екеуі кез келген қарсыласқа қиындық туғыза алады. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының қарсы шабуылға жылдам шығып, өткір әрекет ететінін де айтты.

Футболшы екі ойында да алаңға шығуға дайын екенін жеткізді. Бірақ шешімді бас бапкер Карлос Алос қабылдайды, бәрі жаттығу барысы мен қалпына келуге байланысты болмақ.

Сондай-ақ Громыко 16 жастағы «Қайрат» пен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаевқа да жоғары баға берді. «Ол – нағыз ғарыш! 12 турда 8 гол соғу – бұл жасқа сай келмейтін ерекше нәтиже», – деді ол.