14.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Головкин шорт-трек ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына барды

Головкин шорт-трек ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына барды

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Астанада шорт-трек ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына барды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас бапкер Петр Гамидов олимпиадалық маусымға арналған құраманың өзекті жұмыс жоспарын таныстырды.

Маман шорт-трекшілердің дайындық ерекшеліктерімен бөлісіп, құрамға Нидерландтан келген жаттықтырушы-кеңесші Вильма Бумстра, сондай-ақ жүйе және медициналық командалар кіретін жаттықтыру штабының жоғары деңгейін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында спортшылардың өтініші бойынша Геннадий Головкин жеке дайындыққа қатысты өз тәсілдерімен бөлісіп, жоғары бәсекелестік жағдайында психологиялық тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын айтты.

«Олимпиадалық маусымда барынша жинақы болып, тәртіпті сақтап, дайындықтың әр кезеңіне толық көңіл бөлу қажет. Мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек пен жан-жақты дайындық керек. Ал төзімділік пен өз күшіңе деген сенімділік кез келген сынақтан өтуге мүмкіндік береді. Командамызға бірлікті сақтап, іріктеуде сенімді өнер көрсетіп, басты жарыстарда табысқа жетуді тілеймін», – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, шорт-тректе олимпиадалық жолдамалар төмендегі төрт кезеңнен тұратын Әлемдік турда сарапқа салынады:

9–12 қазан – Монреаль, Канада

16–19 қазан – Монреаль, Канада

20–23 қараша – Гданьск, Польша

27–30 қараша – Дордрехт, Нидерланд