15.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Головкин қоштасу жекпе-жегін өткізуі мүмкін

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
головкин

Sports Illustrated басылымы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 КО) соңғы жекпе-жегін өткізуі мүмкін екенін жазды. Қарсылас ретінде америкалық Андре Уорд (32-0, 16 КО) қарастырылып отыр. Ол жуырда рингке қайта оралғысы келетінін мәлімдеген болатын.

Басылым қазақстандықты Уордтың  қарсыластарының қатарына қосып, бұл айқас 2010-жылдардың ортасынан бері айтылып келе жатқан «егер де…» сұрағына жауап болар еді деп бағалады. 2015 жылы тараптар келісімге жақын болды, бірақ Головкин командасы келісімшартты қысқаша қарағаннан кейін бас тартқан. Себебі ол кезде қазақстандықтың Давид Лемьемен орта салмақтағы біріккен жекпе-жегі жоспарланып қойған еді.

Қазір 43 жастағы Головкин 2022 жылдан бері рингке шыққан жоқ. Соңғы айқасында ол суперорта салмақтағы абсолют чемпиондық белбеу үшін өткен кездесуде Сауль «Канело» Альварестен ұпай санымен жеңілген. Sports Illustrated пікірінше, қазақстандық мансабын жеңіліспен аяқтағысы келмей, қоштасу жекпе-жегін өткізуді қалауы мүмкін.

41 жастағы Андре Уорд әуесқойлар арасында Олимпиада чемпионы атанған, ал кәсіби деңгейде суперорта салмақта WBA және WBC, жартылай ауыр салмақта WBA, IBF және WBO чемпиондық белбеулерін иеленген.

Басылым мұндай айқасты Майк Тайсон мен Рой Джонс-жас арасындағы көрме жекпе-жегімен салыстыруға болатынын атап өтті.