07.07.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Голмен аяқталған тең ойын күтемін»: сарапшы Конференциялар лигасындағы «Қайраттың» мүмкіндігі туралы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Голмен аяқталған тең ойын күтемін»: сарапшы Конференциялар лигасындағы «Қайраттың» мүмкіндігі туралы

Алматылық «Қайрат» маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын тамаша нәтижемен аяқтады: үш ойын — үш жеңіс, сегіз гол, бірде-бір жіберілген доп жоқ. Бірақ басты сынақ алда — Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубына қарсы ойын.

Осы матч жайлы пікірін Sport Pulse порталына спорт журналисі Әділ Саптаев білдірді.

— Маусымалды дайындық сәтті өтті: команда тактикалық жүйелерді пысықтады, сенім мен ритмге қайта келді. Иә, қарсыластар аса мықты болмады, бірақ бұл кезеңде маңыздысы — ойын құрылымы. Ал енді мүлде басқа деңгейдегі қарсылас. «Олимпия» — Еуропада тәжірибесі бар, мығым ұжым. Олар маусымаралық кездесулерде болгарлық ЦСКА-ны 3:0, албандық «Влазнияны» 4:0 есебімен жеңіп, венгриялық МТК-мен 3:3 тең түсті. Жылдам шабуылға, тік ойынға және агрессивті прессингке сүйенеді, — деді Саптаев.

Сарапшының айтуынша, соңғы матчтардағы статистика бойынша «Қайрат» алда: соңғы 20 кездесуде 13 жеңіс. Бірақ бұл сандардан да маңыздысы — матчтың контексті.

— «Қайрат» мұндай деңгейдегі қарсыласпен көптен ойнаған жоқ. Ойын тағдырын қорғаныстың қысымға қарсы тұруы мен орталық алаңның прессингке төтеп беруі шешуі мүмкін. Словендер қателікті кешірмейді, сондықтан өз айып алаңының маңында тәртіп пен мұқияттылық қажет. Мүмкін, «Қайрат» екінші нөмірмен ойнап, қарсы шабуылдарға иек артар. Бұл — жұмыс істейтін тактика, — дейді ол.

Саптаев алдағы матч тең әрі тартысты өтетінін болжайды:

— Голмен аяқталған тең ойын күтемін — 1:1 немесе 2:2. Бірақ егер «Қайрат» сауатты әрі прагматикалық ойнай алса, жеңіске де жетуі мүмкін. Ең бастысы — алғашқы минуттардағы қысымға шыдау және қажетсіз қателіктерге жол бермеу.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Олимпия» арасындағы матч 8 шілде күні Астана уақытымен 22:00-де Словенияның «Стожице» стадионында өтеді. Бұл — УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойын.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!