14.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Ғазиз Аманжолов: «Naiza» лигасында чемпион болғым келеді

Ғазиз Аманжолов: «Naiza» лигасында чемпион болғым келеді

Спорт Пульс сұхбат айдарының кезекті кейіпкері аралас жекпе-жек жауынгері — Ғазиз Аманжолов. Ғазиз ақтөбелік жас спортшы. Кәсіби ММА-дағы рекорды 4 жеңіс, 0 жеңіліс. Болашағынан зор үміт күттіретін жас жауынгер соңғы өткен жекпе-жегі жайында, кіммен жұдырықтасқысы келетіні және алдағы жоспарлары туралы баяндап берді.

— Соңғы Азиз Исаевке қарсы өткен жекпе-жек жайында айтып берші?

— Соңғы жекпе-жегім мен ойлағандай болмады. Өйткені алғашында қарсыласым қырғыз жауынгері болған. 7 жеңіс және 6 жеңілісі бар тәжірибелі спортшы еді. Сол қарсыласыма дайындалған едім, алайда оның келе алмауына байланысты орнына қарағандылық жауынгерді берді. Жекпе-жек тез аяқталғандай болды, сол үшін де көңілімнен шықпады. Залда дайындаған әдістерімді көрсетіп үлгермедім. Десе де жеңіс бізде болды.

— Негізгі базаң қай спорт түрі?

— Негізі бала кезімде тиіп қашып бокс үйірмесіне барып жүрдім. Қалааралық жарыстарға да белсенді қатысып жүрдім. Кейін мені Нұржан Сатжанов деген бапкер көріп, өзінің қарамағына алып, жеке дайындады. Солай жалғыз бокспен емес, муай-тай және кикбоксингпен де айналыстым. Ол жағынан Ғалымжан Мырзағалиев және танымал жауынгерлер Нұрбек Қабдырахманов, Сергей Морозов ағаларым көмектесті. «Еркін күш» жауынгерлерімен дайындалған соң, осы клубтағы Айбек Шокпутовтың қол астына барып, әлі күнге дейін аталмыш клубтың атынан өнер көрсетіп жүрмін.

Еліміздегі үш промоушнда да өнер көрсетіп үлгердің. Қай лигада мансабыңды жалғастырғың келеді?

— Елімізде ММА индустриясысының дамығаны соншалық, барлық лига «сен тұр, мен атайын». Дегенімен өзім Naiza лигасында көбірек өнер көрсеткім келеді. Осы лигада алғашқы жекпе-жегімді өткіздім және 57 келідегі чемпиондық белбеуді аламын деген мақсатым бар.

— Кумирің бар ма?

— Басқалар сияқты тұрақты тамашалап, жанкүйер ететін кумирім жоқ. Бірақ құдайға шүкір залда бірге жаттығатын Әліби Ыдырыс, Бағдат Жұбаныш, Нұрбек Қабдырахманов, Нұржан Жолдыбай, Дастан Амангелді сынды ағаларымды қарап, жолдарынан еріп келемін. Былай айтқанда көз алдымда жүрген кумирлерім ғой.

Ал шетелдікдерден төбелесу стилі ұнайтын жауынгер Забит Магомед Магомедшарипов. Стилі ғана ұнайды демесем, кумирім деп айтпас едім.

— Кіммен жекпе-жек өткізгің келеді?

— Танымал спортшыларды жекпе-жекке шақырамын (вызов) деген ниетім жоқ. Мен өз жолыммен, жоспарыммен жүріп келемін. Жауынгерлерді жекпе-жекке шақыратын күн әлі алда.

Алайда мен жұдырықтасқым келетін бір спортшы бар. Соңғы Қарағанды да өткен Naiza турниріндегі Абылайхан Шаратовтың қарсыласы әзірбайжандық Зефиёр Абдуррахманмен айқасқа түскім келеді. Өйткені ол да аяқта тұрып жұдырықтасқанды қалайды, мен де дәл солай. Бұл айқас халыққа қызық болары сөзсіз.

— Алдағы жоспарыңмен бөліссең?

— Қазір өз қаламда келесі жекпе-жектеріме дайындығымды бастадым. Алда Naiza лигасында өнер көрсеткім келеді. Әрине әр кәсіби спортшының арманы сияқты менде мұхит асып АҚШ-та сбор өткізіп, әлемнің үздік лигаларында өнер көрсетіп, көк туымызды желбіреткім келеді.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидулла