25.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Ғалым Мамбеталиев «Барыстың» жаттығуларын трибунадан бақылап жүр

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Ғалым Мамбеталиев «Барыстың» жаттығуларын трибунадан бақылап жүр

Бұрынғы бас бапкер Ғалым Мамбеталиев «Барыс» хоккей клубының жаттығуларын трибунадан тамашалап жүр. Бұл туралы «Головой об лёд» Telegram арнасы хабарлады.

2025 жылдың 22 шілдесінде Ғалым Мамбеталиев елордалық клубтың бас бапкері қызметінен ресми түрде кеткен болатын. Қазіргі таңда оның орнына уақытша түрде ресейлік маман Евгений Королев тағайындалды. Алайда бапкерлік штабтың болашағы әлі нақты шешілген жоқ.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, Мамбеталиев клубтың жаттығу базасына жиі келіп, команданың дайындық барысын сырттай бақылап жүр. Алайда оның ойыншылармен немесе жаттығу процесімен тікелей байланысы жоқ — ол тек трибунадан қарап отырады.

Telegram арнасының мәліметінше, бас бапкер мәселесі тамыздың 1-іне дейін шешілуі мүмкін. Дәл сол күні клубтың негізгі құрамы жаңа маусымға ресми түрде дайындықты бастайды.

Айта кетейік, «Барыс» ҚХЛ-дың жаңа маусымына дайындалып жатыр. Өткен чемпионатта команда Шығыс конференциясында 9-орын алып, плей-офф кезеңіне өте алмады. Жаңа маусым қыркүйек айының басында басталады, сондықтан клуб негізгі құрам жаттығуды бастамас бұрын толыққанды бас бапкерді бекітуі қажет.

Евгений Королев бұған дейін Ресейдің жастар командаларында жұмыс істеп, Жоғары хоккей лигасында (ВХЛ) тәжірибе жинақтаған.