11.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Георгий Жуков «Легиямен» өткен матч туралы: Біз лайықты ойын көрсеттік

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Георгий Жуков «Легиямен» өткен матч туралы: Біз лайықты ойын көрсеттік

«Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі польшалық «Легиямен» өткен сырт алаңдағы матчтан кейін пікір білдірді.

– Нәтижеге қарамастан, біз жақсы ойын көрсеттік деп ойлаймын. Сырт алаңда «Легиядан» 0:1 есебімен жеңілу — жаман нәтиже емес. Сәл ғана сәттілік жетіспеді, әйтпесе нәтиже басқаша болар еді. Алғашқы голымызды есепке алмады — әлі күнге дейін не үшін екенін түсінбедік. Қайта қарағанда офсайд байқалмады.

Біз қақпаға алыстан соғылған доптан кейін гол жіберіп алдық — бұл қарсыластың жеке шеберлігінің көрінісі. «Легияда» тағы да қауіпті сәттер болды, бірақ біз де лайықты қарсылық көрсеттік, өз мүмкіндіктеріміз де болды. Бұл алаңда тіпті грандтар да ұтылып жатады. Ал біз тең дәрежеде ойнай алатынымызды дәлелдедік.

Бізді қолдап келген жанкүйерлерге алғыс айтамын — оларды естідік, сездік. Команда бар күшін салды. Сенімдімін, өз алаңымызда мүлде басқа ойын болады, – деді Жуков.

Еске салайық, Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінің алғашқы матчында «Ақтөбе» сырт алаңда «Легияға» 0:1 есебімен жол берген болатын.