16.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Георги Кобуладзе: Грузияның жетістігі — жылдар бойы жасаған еңбектің арқасы

георги

20 ойында 25 ұпай жинаған «Қайсардың» ұжымның әлі айтары бар. Көшбасшылардан ұпай алатындай деңгейі бар ұжымның маңызды ойыншысының бірі — Георги Кобуладзе. Sport Pulse тілшісі грузиялық футболшымен сұхбаттасып, Қазақстан чемпионаты туралы, «Қайсардың» потенциалы жайлы және Грузиядағы футбол мерекесі жайлы сұрады.

Георгий, қал жағдайыңыз қалай? Қазір чемпионатта құрамалар ойындарына байланысты үзіліс орнады. Уақытты қалай өткізіп жатырсыз?

Сәлем! Бәрі жақсы. Уақытымды пайдалы өткізіп жатырмын.

Чемпионат аяқталуға жақын қалды. Дәл қазір «Қайсар» өзіне лайық орында тұр ма? Әлде әлі де жоғары көтерілуге бола ма?

Иә, чемпионат аяқталып жатыр. Дегенмен турнирлік кестеде жағдайымызды жақсартуға әлі уақыт бар. Алдымызда 4 ойын, 4 финал қалды. Әр ойында барынша көп ұпай алуға тырысамыз.

«Қайсардан» ұсыныс қашан түсті? Қазақстанға келерде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

Қазақстанға келместен бұрын Украинадан ұсыныс түскен еді. Бірақ қазір ол жақта футбол үшін ең қолайсыз уақыт. Оның үстіне отбасым Украинада ойнауға қарсылық білдірді. Осы уақыт аралығында агентім хабарласып, Қазақстанда бағымды сынап көруді ұсынды. Ұзақ ойланбастан, командамен кездесу үшін Түркияға аттандым.

Мансабыңыздың басым бөлігін отаныңызда, сосын Украинада өткіздіңіз. «Қайсар» болса ұзақ уақыттан кейінгі алғашқы шетелдік командағыз. Қазақстанға үйренісіп кеттіңіз бе?

Командадағы әріптестерімнің қолдауы күшті. Бәрі бір-біріне қол ұшын созып, үйренісуге көмектесті. Бұл менің Украинадан кейінгі екінші шетелдік командам. Сондықтан үйренісу үшін уақыт керек болды. Бірақ қазір бәрі жақсы.

«Қайсардың» қазіргі құрамы қандай?

Командадағы барлық ойыншы алаңда жанын беруге дайын. Негізгі құрамдасың ба, қосалқы құрамдасың ба — маңызды емес. Ең бастысы бәріміз команданың нәтижесі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

Егер интернеттегі дереккөзге сенсек, Украинада әуесқой деңгейде де ойнап үлгеріпсіз. Әуесқойдан кәсіби футболға қалай ауыстыңыз?

Украинаға алғаш барғанда 18 жасқа толмаған едім. Ол уақытта мені кәсіби ойыншы ретінде тіркей алмады. Сондықтан әуесқой деңгейде ойнағаным бар. Кейін отаныма қайттым. 2020 жылы «Гагра» сапында Грузия Кубогын жеңіп алып, Конференция лигасының іріктеу кезеңінде ойнайдық. Кейін Кутаисидің «Торпедосына» ауысып, тағы Конференция лигасында доп тептім. Бірінші іріктеу кезеңінде «Сараевоны» жеңген едік, екінші раундта «Ақтөбеге» есе жібердік.

георги2

 Қазақстан футболының Грузия мен Украина чемпионаттарынан қандай ерекшелігі бар?

Қазақстанда жылдам футбол ойнайды. Жылдам ойланып, тез арада шешім қабылдау қажет. Қазақстандағы алған тәжірибем болашақта өз пайдасын тигізетіні анық.

Биыл Грузияда футбол мерекесі болды. Ұлттық құрама Еуропа чемпионатында ойнады. Бұған қалай жеттіңіздер?

Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін өте ауқымды жұмыстар атқарылып, ұзақ уақытты талап етті. Мемлекет Грузия футбол федерациясына қолдау көрсетті. Барлық стадиондар жөндеу жұмысынан өтіп, табиғи төсеніштер төселді. Болашақ футболшыларды дайындау процесіне көзқарас түбегейлі өзгерді. Академиялар ашылып, чемпионатқа жоғары деңгейлі легионерлер келді. Бірақ мұнымен тоқтап қалмау керек. Әлі атқаратын жұмыстар көп. Қазақстан құрамасына да Еуропа чемпионатына шығып, елін қуантуды тілеймін.