22.01.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Ғалымжан Кенжебек «Кошицеге» тегін ауыспаған

Словакиялық «Кошице» клубының спорт директоры Марек Сапара Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ғалымжан Кенжебекті сатып алу жөніндегі келісімнің егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Мен желтоқсан айында «Кошице» командасында жұмыс істеу туралы ұсыныс алғанымда, команданы күшейтетін ойыншылар іздей бастадым. Бұл футболшыны маған бұған дейін Словакияда ойнаған агенті ұсынды. Ол қатысқан көптеген матчты қарап шығып, біздің команданың негізгі құрам ойыншысы бола алатынын түсіндім. Бұл трансфер тегін болған жоқ, бірақ ол біздің команданы жаңа деңгейге көтере алатынына сенемін», – деді «Кошице» басшыларының бірі.

21 жастағы сол қаптал шабуылшысы Кенжебек «Тараз» футболының және «Қайраттың» тәрбиеленушісі. Ол 2024 жылдың тамызынан бастап Кипр чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсететін «Акритас Хлоракас» командасында ойнаған (2024/2025 маусымында 13 матч, 5 гол және 1 ассист). 2024 жылдың 14 маусымында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында УЕФА Ұлттар Лигасының В дивизионында Австрияға қарсы ойында (0:2) дебютін өткізді.

Қаңтардың 15-інде Словакия чемпионатының жоғарғы дивизионында 12 команданың ішінде 7-орында келе жатқан «Кошице» клубы Кенжебекпен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады. Келісімшарт 2027 жылдың жазына дейін есептелген.

Transfermarkt порталының мәліметінше, бұл ойыншының қазіргі нарықтық құны – 225 мың еуро.