Оқу уақыты: 1 мин

Футбол стадионын есірткі ордасына айналдырған «Рома» жанкүйерлері тұтқындалды

Футбол стадионын есірткі ордасына айналдырған «Рома» жанкүйерлері тұтқындалды

Италия астанасы Римдегі «Олимпико» стадионында есірткі саудасымен айналысқан үш жанкүйер тұтқындалды, деп хабарлайды Sport12.kz.

Рим қаласының құқық қорғау органдары елордалық «Рома» клубының жанкүйерлері арасынан үш адамды қамауға алды. Олар стадион аумағында есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілінді.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер – клубтың ультрас қозғалысына тиесілі «Gruppo Quadraro» тобының мүшелері. Тергеу барысында анықталғандай, олар 2024 жылдың қаңтарынан бастап «Олимпико» стадионының оңтүстік трибунасына қарасты әжетханаларда есірткі таратып келген.

Бұл әрекеттер Италия чемпионаты аясында өткен бірнеше матч кезінде жүзеге асқан. Құқық қорғау органдары күдіктілердің қылмыстық сөз байласу арқылы ұйымдасқан түрде жұмыс істегенін айтады.

DIGOS (терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі арнайы бөлім) пен Рим полициясы жүргізген тергеу әлі де жалғасып жатыр.

Айта кетейік, «Рома» А Сериясының биылғы маусымында 33 ойында 57 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орында келеді.