24.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Формула-1 аңызы Айртон Сеннаның жеке Mercedesi аукционға қойылды

Формула-1 аңызы Айртон Сеннаның жеке Mercedesi аукционға қойылды

RM Sotheby’s аукцион үйі аңызға айналған Айртон Сеннаға тиесілі болған 1985 жылғы Mercedes-Benz 190 E 2.3-16 үлгісін сатылымға қойды — оның құны 220-250 мың фунт стерлинг деп бағалануда.

Бразилиялық жүргізуші автокөлікті Нюрбургрингтегі Чемпиондар жарысындағы жеңісінен кейін Smoke Silver Metallic күміс түсінде сатып алған — дәл осындай модификацияда ол жарысқа қатысқан болатын. Көліктің құндылығын Австралия Гран-приі кезінде қалдырылған үш дүркін чемпион Ники Лауданың қозғалтқыш бөлігіндегі қолтаңбасы арттырады.

«Бразилиялық жүргізуші автокөлікті Mercedes-Benz зауытынан отандасы Маурисио Гужельминмен бірге алып, Суррей графтығындағы Эшердегі үйіне жол тартты», — делінген лот сипаттамасында.

Сенна екі жыл иелік еткен кезеңде автокөлікпен 24 862 миль жол жүрген. 1987 жылы көлік жүргізушінің менеджерінің досы Уилтширлік Робин Кларкқа өтіп, 1996 жылы тағы бір рет иесін ауыстырған.

Формула-1-дегі мансабында Айртон Сенна Toleman, Lotus, McLaren және Williams командалары үшін өнер көрсетіп, үш чемпиондық атақ жеңіп алды, 41 жарыста жеңіске жетіп, 65 рет поул-позициядан старт алған — оның өмірі 1994 жылы Сан-Марино Гран-приінде қайғылы жағдайда үзілді.