23.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Фильмнің кейіпкері Сезім – волейболшы қыз» – режиссер жаңа жобасына неліктен «Ару-Астана» волейболшыларын шақырғанын айтты

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Фильмнің кейіпкері Сезім – волейболшы қыз» – режиссер жаңа жобасына неліктен «Ару-Астана» волейболшыларын шақырғанын айтты

Алматыда «Ару-Астана» волейболшыларының қатысуымен фильм түсіріледі. Жобаның атауы – «Биік сезім» болмақ. Фильмде елордалық командадан бөлек, басты рөлдерде танымал қазақстандық актерлер Тәуекел Мүсілім мен Ерлан Примбетов, әнші әрі актриса Аружан Бекболат, Бейнұр Баймұхамбетов және Айшолпан Байтүгел өнер көрсетеді. Бас продюсері – Алмат Шадмат және Our Media Group компаниясы.

Режиссері – бұған дейін «Менің атым Қызболсын» және «Менің үйім қайда?» фильмдерін түсірген Мақсат Оспанов Sport Pulse тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында, жаңа жобасы туралы, және оны жүзеге асыру үшін неліктен «Ару-Астана» командасы таңдалғанын айтты.

– Туынды не туралы болмақ?

– «Биік сезім» – бұл романтикалық комедия. Негізгі кейіпкер Биікбай – бойы аласа, ақкөңіл жігіт. Курьерлік компанияда жұмыс істейді. Биік күтпеген жерден ұзын бойлы Сезім деген қызбен кездейсоқ танысып, бір көргеннен ғашық болады. Соның салдарынан неше түрлі қызықты оқиғаларға ұшырайды.

– Фильмнің түсірім жұмыстарына неге «Ару Астана» волейболшылары шақырылды?

Сезім – волейболшы қыз. Фильмнің соңында Биік романтикалық қадам жасап, Сезімге сезімін білдіреді. Осылайша, бойының ұзындығы емес, жүректің кеңдігі маңызды екенін дәлелдейді. Сондықтан біз елге танымал «Ару-Астана» командасын кездейсоқ емес, әдейі волейболшылардың өмірін шынайы көрсетуге шешім қабылдадық.

«Ару-Астана» волейболшылары ерекше динамика мен кәсіби шеберлігімен көзге түседі. Олардың ойыны – күш, шапшаңдық және командалық рухтың көрінісі. Осы қасиеттер біздің фильмнің концепциясына мінсіз еніп, тек спорттық рухты ғана емес, кейіпкердің ішкі эмоционалдық тереңдігін де шынайы волейбол матчтарының кадрлары арқылы жеткізуді көздедік.

Сонымен қатар, фильмнің шынайылығын арттыру үшін «Tiger Films» компаниясына, Ерлан Бухарбаев мырзаға шын жүректен алғысымызды білдіреміз – олар осы команданы таңдаудың дұрыстығына үлкен үлес қосты.

– Құпия болмаса «Ару Астана» қандай эпизодттарда ойнайды?

– «Ару Астана» командасы бірнеше маңызды сахнада көрінеді. Біріншіден, жаттығу кезінде – онда көрермен Сезімнің мінсіздікке ұмтылуын және дайындық процесін тамашалайды. Екіншіден, олар маңызды матчтың бірінде қатысады, ол сәтте тек спорттық шеберлік қана емес, кейіпкердің алаңдағы күресі мен эмоционалдық шиеленісі де айқын көрсетіледі.

– Туындыны түсіру жұмыстары қанша күнге созылады және тұсау кесері қашан?

– Түсірілім жұмыстары 14 күнге созылады. Фильм 2025-ші жылдың 26-маусымда көрерменге жол тартады.

Бұған дейін елордалық команданың бас бапкері Мейірбек Нұғұспанов Sport pulse басылымына «Ару-Астана» волейбол клубы «Биік сезім» романтикалық комедиясының түсіріліміне қатысатынын хабарлаған еді.