15.06.2025
Оқу уақыты: 3 мин

«Фаворит шаршады, қарсылас қамданды»: ПСЖ мен «Атлетико» әлем чемпионатын тең ойынмен бастай ма?

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Фаворит шаршады, қарсылас қамданды»: ПСЖ мен «Атлетико» әлем чемпионатын тең ойынмен бастай ма?
Клубтар арасындағы әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. В тобындағы басты фавориттер алғашқы турда-ақ өзара кездеседі — «Атлетико» мен ПСЖ.
ПСЖ 2024/25 маусымында француз футболын толықтай бағындырды: Лига 1, Франция Кубогы, Суперкубок және ең бастысы — УЕФА Чемпиондар лигасы. Енді олар Клубтық әлем чемпионатын жеңсе, бір маусымда бес трофей алған алғашқы еуропалық команда атануы мүмкін. Алайда алғашқы қарсылас — оңай шағылар жаңғақ емес. Бұл — мадридтік «Атлетико». Диего Симеоне шәкірттері маусым барысында ПСЖ-ні Чемпиондар лигасында 2:1 есебімен ұтқан болатын. Бұл жолы да олар сенсация жасауға дайын.
Клубтар арасындағы әлем чемпионаты қарсаңында журналист, футбол шолушысы Әділбек Жақанов алдағы ПСЖ – «Атлетико» матчы туралы өз болжамымен Sport Pulse-пен бөлісті.
— Физикалық және эмоционалдық тұрғыдан алғанда, ПСЖ маусымды енді ғана аяқтап, демалуға үлгермеген команда. Бұл фактор матч тағдырына әсер етуі мүмкін бе?
— Дәл қазір ПСЖ футболға тойынған команда. Ең сәтті маусымын өткізіп, футболшылар еңбек демалысына кететін уақытта тағы бір турнир басталып кетті. Оның үстіне екі ортада ұлттар лигасы, әлем біріншілігіне іріктеу мачтары өтті. Яғни, ПСЖ ойыншылары тың емес. Бұл фактор кері әсерін беруі мүмкін. Сондықтан Луис Энрике клубтар чемпионатында ойын тәжірибесі аз футболшыларды ойнатуы ғажап емес.
— ⁠«Атлетико» – қорғанысы берік, тәртіпке негізделген команда. Симеоненің ұжымы ПСЖ шабуылын тоқтата ала ма?
— ⁠Иә, Атлетиконың «автобус» қорғанысын бұзу оңай шаруа емес. Тас қамал қорғанысынан бөлек Диего Симеоне шәкірттері қазір шабуылда өте жақсы ойнап жүр. Хулиан мен Сорлот тандемі талай команданы сорлатып жіберді. Сондықтан бұл матчта Атлетико өзінің голын соғады!

атлетико

— ПСЖ – «Атлетико» матчында төрелік ететін Иштван Ковачтың стилі ойынға қалай әсер етуі мүмкін? Ол көп сары қағаз көрсетпейді, ойыншыларға күресуге мүмкіндік береді.
— Төреші алысып-жұлысып ойнауға мүмкіндік берсе Атлетиконың айы оңынан туады деген сөз. Жалпы Ковач матч тағдырына араласатын төреші емес. Әділ төрелік етеді деп ойлаймын.
— ⁠«Атлетико» соңғы жылдары ірі еуропалық турнирлерде тұрақсыз ойын көрсетіп жүр. Бұл жолы олар өз беделін қайта қалпына келтіруге дайын ба?
— Атлетико үшін сәтсіз өткен маусымда бір жүлде алуына тамаша мүмкіндік. Сондықтан, мадриттік команда кубокқа талас жүргізуі тиіс. Жеңіп алмаса да біраз жерге шабады.
атлетико
— Бұл матчта кімнің ойыны шешуші болады деп ойлайсыз: Гризманн, Облак, Дембеле, Витинья әлде басқа ойыншы?
— Атлетико сапында тәжірибелі Облак тамаша сейвтер жасап, қамалын алдырмаса Алварез пен Сорлот шешуші голды соғуы мүмкін. Ал ПСЖ-ның әр ойыншысы матч тағдырын шешіп кете алады. Қорғаушылар Нуну Мендеш, Ашраф Хакимилер өткен маусымда кейбір шабуылшылардан көп гол соққан! Масқара ғой. Басқаларын айтпай-ақ қояйын.
— ⁠Матчтан қандай есеп күтуге болады? Бұл текетірес турнирдің фаворитін анықтап береді дей аламыз ба?
— Екі клуб тартысты ойын көрсетеді. Мен 1-1 немесе 2-2 нәтижесімен тең есеп тіркеледі деп болжап отырмын. Чемпионаттың фаворитін анықтауға әлі ерте. Еуропаның екі алыбы өз тобында айқын мықтылары екені анық.
Футбол матчтарының барлық нәтижелерін бірінші болып Live-нәтижелер бөлімінен біліңіз!