05.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Фарух Тохтасунов: «маған қарсыласты зерттеу үшін бір-екі сағат қана жеткілікті»

Sport Pulse редакциясы 9-қараша күні кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсететін ұлттық құрама мүшесі Фарух Тохтасуновпен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары туралы біліп қайтты.

9-қараша күнгі жекпе-жекке дайындық қалай өтуде?

Алдағы жекпе-жекке дайындық өте жақсы өтуде. Бізді құрамада Головкиннің бұрынғы физикалық дайындығына жауап беретін бапкерлер дайындап жатыр. Жекпе-жекке сол кісілер алып шығады және секундант ретінде көмектеседі. Алдағы жекпе-жекке дайындық ұлттық құраманың оқу жаттығу жиынымен уақыты бірдей келіп қалды. Бұл мен үшін өте сәтті болды. Бәрі ойдағыдай.

Қарсыласың белгілі болды ма?

Қарсылас бүгін белгілі болады. Алайда белгілі болғанның өзінде де жақсылап дайындалдым. Мұндай кештерге осал боксшылар келмейтіні сөзсіз. Ол да тыңғылықты дайындалып келе жатыр. Артықшылықтарын көре жатармыз. Қарсыласты зерттеу үшін маған бір-екі сағат қана жетеді. Шыққан айқастарын сол уақытта көріп, қандай боксшы екенін түсінуге болады. Сосын екі-үш жаттығуды қарсыластың стиліне қарсы дайындаламыз.

IMG 7758

Жекпе-жекке ұсынысты қалай қабылдадың? Промоушн туралы не айтасың?

Ұсынысты қуана қуана қабылдадым. Ұлттық құрамада болғаннан кейін рұқсат алу деген сияқты кішігірім мәселелер болды. Айтқандай жекпе-жекке дайындық уақыты мен оқу жаттығу жиынының уақыты бір мезгілге келгеннен кейін ұтымды пайдалана алдық. Серік Ноян мырзаның ұсынысына алғысымды білдіргім келеді. Біз үшін бұл кезекті үлкен тәжірибе. Ал промоушнға келер болсақ, керемет. Алғашқы ұйымдастырған бокс кешін көріп шықтым. Ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары.

Әлем боксшыларынан кімнің стилі ұнайды?

Шетелдік боксшылардан Артура Гаттиді көріп өстім. Оның стилі, характері өте қатты ұнайды. Иә, ол анау айтқандай жұлдыз емес, бірақ оның стилі маған ерекше ұнайды. Өзіме де оның стилі жақын деп айтсам болады.

Түбегейлі кәсіби боксқа ауысу жоспарда бар ма?

Түбегейлі кәсіби боксқа ауысу жоспарда бар. Өзімнің бокс стилім де кәсіби боксқа келеді. Егер шетелден жақсы ұсыныстар түссе, жеке бапкеріммен ақылдасып, қарастырамыз. Алайда қазіргі таңда әуесқой бокстан да жақсы нәтижелер болып жатыр. Әрине олимпиада чемпионы болу әр боксшының арманы. Бірақ олимпиаданы күтіп те жүре беруге болмайды. Өйткені қазақстандағы бәсекелестікті жақсы білесіздер. Егер олимпиадаға іліге алмай жатқан жағдайда кәсіпқой боксқа толықтай ауысып кетуді қарастырамын. Ал қазір әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүрмін. Маған бұлай жүру еш кедергі келтірмейді.

Алдағы жекпе-жекті сәтті өткізсең, одан кейінгі жоспар қандай болмақ?

Алдағы жекпе-жекті сәтті өткізсек, елордаға оқу жаттығу жиынына кетемін. Ол жақта ең үлкен стартқа, яғни Қазақстан чемпионатына дайындаламыз. Менің әуесқойда қалу қалмауымды сол чемпионат шешкелі тұр.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев