30.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Эстония құрамасының бұрынғы ойыншысы Артем Дмитриев — Қазақстан футболы жайлы

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Дмитриев

Футболдан Эстония құрамасының экс-ойыншысы Артем Дитриев Қазақстанда «Оқжетпес», «Жетісу» және «Тұран» командаларында өнер көрсетті. Sport Pulse сайтына берген сұхбатында ол биылғы маусымды қорытындылап, Қазақстан футболы жайлы, оның артық және кем тұсы турасында айтып берді.

Артем, жағдайыңыз қалай? Чемпионат аяқталғалы бір айдан астам уақыт өтті. Қазір не істеп жатырсыз?

Бәрі жақсы. Үйдемін. Отбасыммен бірге демалып жатырмын. Өте ауыр маусымнан кейін тынығып, мерекелерге дайындалып жатырмын. Бұл қайта қалпыма келіп, ойымды жинақтауға, жақындарыммен бірге болып, күш жинауға тамаша мүмкіндік.

Биылғы маусымда «Тұран» өзінің бар күшін көрсете алды ма? Турнир кестесіндегі орнына лайықты ма әлде әлі де жоғары көтерілуге болар ма еді?

«Тұран» турнир кестесінде бұдан да жоғары орын алуға мүмкіндік бар еді. Нақты бірдеңе деу қиын, дегенмен біз соңғы орындардың бірін алуға лайықты емес едік. Сәттілік жолдас болып, кеткен қателіктерімізді дер кезінде түзегенде турнир кестесінің ортасына көтерілетін едік. «Жау кеткесін балтаңды тасқа шаппен» бірдей болып тұр. Алған орнымызға қанағат тұтып, қабылдауымыз керек. Келесі жылы бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін қателіктерімізбен жұмыс істеуіміз қажет.

Түркістанға қалай келіп қалдыңыз? Биылғы маусымға қандай мақсат қойдыңыз?

Көптеген жағдайдың тоғысуынан пайда болған ұсыныс. Бұл процестегі әрбір адамның жұмысының нәтжесі: агент те, бапкер де, өзім де бармын бұл тізімде. «Тұранның» Бірінші лигадан қайта оралғанын жақсы түсіндім. Сондықтан команданың алдына жоғары мақсат қоймайтыны анық. Сол үшін де өзімнің алдыма да қандай да бір мақсат қоймадым. Бар ойым командаға көмектесіп, ортақ мақсатымызға жету болды.

«Тұранмен» келісімшартыңыз аяқталды. Қазір қолыңызда ұсыныс бар ма?

Иә, «Тұранмен» келісімшартымыз ресми аяқталды. Әзірге нақты бір ұсыныс алған жоқпыз. Бірақ қызық ұсыныстар болса, ойымнан шықса қарастыруға дайынмын.

IMG 8768

Қазақстанға алғаш 2019 жылы келген екенсіз. Елімізден қандай әсер алдыңыз?

Ол уақыттан бері қаншама жыл өтті. Бірдеңені еске түсіру қиын екен. Қазақстан маған ешқашан таңсық болмаған, өйткені анам Қарағандының тумасы. Бала кезде әр жазды осы жақта туған-туысымның үйінде өткізетінмін. Футболға келер болсақ, ешқандай тосынсыйлар болған жоқ. Сондықтан болар тез үйренісіп, осы уақытқа дейін Қазақстанда ойнап жүрмін.

Қазақстаннан бөлек алты елде өнер көрсеттіңіз. Салыстырмалы түрде. Қазақстан чемпионатының қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз

Әр елдің өз ерекшелігі, артық және кем тұсы бар. Бұл футболға да, тұрмыс-тіршілікке де қатысты. Мұны қазбалаудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен Қазақстанда легионер үшін ең қиыны — жолдың ұзақтығы. Әр матчқа бірнеше сағаттап ұшып, алыс қашықты еңсеру керек. Бұған дайын болып келу керек, не тез үйренісу қажет. Өйткені футбол өмірінде бұл қиындық әкеледі.

Биылғы маусымда қай матч ерекше есіңізде қалды?

Ең есте қалатын матч — өз алаңымыздағы «Елімайға» қарсы ойын. Алаңда аз ойыншымен жүріп, 93-минутта таразы басын теңестіріп кеттім. Әрине, жалғыз бұл ғана есімде қалған жоқ. Көп матч өзінше есімді қалды. Осындай сәттер футболшы ғұмырын ұзартып, ерекше толықтырады.

Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы жайлы не ойлайсыз?

Расында, инфрақұрылым мәселесі жиі көтеріледі. Көп жерде айтылады. Дегенмен өз басым бұл жағынан тек жақсы жаңалықтар естімин. Биыл Қазақстанның әр өңірінде көптеген футбол алаңы ашылды. Бұл өз кезегінде футболдың дамуына әсер етеді. Өте қажет және маңызды қадам деп ойлаймын. Стадионға келер болсақ, Қазақстанда жақсы стадиондар да бар. Бірақ жөндеуден өту керек стадиондар да көп. Қазір қалаларда стадиондардың құрылысы басталды. Болашақта инфрақұрылым әлдеқайда жоғары деңгейде болады деп ойлаймын. Әрине, әр қалада «Астана Арена» секілді заманауи стадион болғанын қалайсың. Бірақ бұған уақыт қажет.