30.05.2025
Оқу уақыты: 3 мин

Есбол Сұлтанов: Ұлттық құрам мақсатты турде әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті

Есбол Сұлтанов: Ұлттық құрам мақсатты турде әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті

18–20 мамыр аралығында Ақтөбе қаласында таеквондодан Қазақстан кубогының бірінші кезеңі өтті. Ұлттық құраманың басты көшбасшылары қатысқан бұл турнир жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге тартысты да қызықты сәттерді сыйлады. Сонымен қатар ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарыстың маңыздылығын атап өтіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Ақтөбе қаласында өткен жарысқа Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің 17 облысынан 140 таеквондошы қатысты. Сондай-ақ, аталмыш жарысқа Мария Севостьянова, Батырхан Төлеуғали сынды ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары қатысқан болатын.

 

«Жалпы, Қазақстан кубогы үш кезеңнен тұрады: екі іріктеу және бір финалдық кезең.

Аталған жарысқа ұлттық құраманың барлық спортшылары қатысты. Себебі, алдағы халықаралық турнирлерге дейін таеквондошылар бабында болуы тиіс. Сонымен қатар жас буынмен тәжірибе алмасу мақсатында нақты міндеттер қойылды. Мұндай додалар ел ішіндегі бәсекелестікті арттыруға да сеп болады.

Алайда, басқа мемлекеттермен салыстырғанда, біздегі Қазақстан кубогына қатысатын спортшылар саны аз. Негізінде, мұндай жарыстарға кемінде 500–600 спортшы қатысуы қажет.

Айта кетерлігі, турнир барысында жаңа дарынды спортшыларды байқауға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда назарымызға 2–3 таеквондошы ілікті. Атап айтқанда Әлішер Ақби, Дінмұхаммед Расулұлы, Тоғжан Өмірзақ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыра береміз», — деді Есбол Сұлтанов.

Сонымен қатар ұлттық құраманың бас бапкерінің айтуынша аталмыш жарысқа 17 жастағы спортшылардың қатысуына да мүмкіндік берілген. Бұл алдағы уақытта Қазақстан құрамасының қосалқы құрамы толыға түседі дегенді білдіреді.

 

Ал негізгі ұлттық құрама қазір Иранның Тегеран қаласында біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бұл дайындыққа 20 спортшы қатысуда, олардың қатарында құрама көшбасшылары да бар. Есбол Сұлтановтың айтуынша Иран құрамасымен өтіп жатқан біріккен оқу-жаттығу жиыны Гран-придің бірінші кезеңнің алдындағы маңызды дайындық болмақ.

«Ирандағы біріккен оқу-жаттығу жиыны 5-ші маусымға дейін жалғасады. Иран құрамасы қазіргі уақытта әлемдік көшбасшылардың қатарында. Мысалы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына 4 спортшысы қатысып, төрт медаль алған жалғыз команда. Сондықтан бұл құраманың таеквондошылары өте мықты. Қазіргі уақытта тәжірибе алмасу жұмыстары жүріп жатыр», — дейді маман.

 

Ұлттық құрама соңғы рет халықаралық деңгейдегі клубтар арасындағы Азия чемпионатына қатысқан болатын. Сол турнирде Мария Севостьянова (57 келіге дейін) және Дамир Шуленов (68 келіге дейін) бірінші орыннан көрінген еді. Ендігі бас бапкер Есбол Сұлтанов ұлттық құрамаға іріктеу жүйесі және алдағы дайындықтары жайлы айтып берді.

«Қазақстан құрамасына келер болсақ, қазіргі таңда негізгі құрам толық жасақталды. Іріктеу жұмыстары бұған дейін өткен Қазақстан чемпионаты мен халықаралық турнирлердің нәтижелері негізінде жүргізілді. Қазір осы іріктелген құраммен бірге күзде өтетін әлем чемпионатына жоспарлы әрі мақсатты түрде дайындықты бастап кеттік.

Дайындық кезеңіне ішкі жаттығулармен қатар арнайы физикалық дайындық, Ирандағыдай біріккен оқу-жаттығу жиындары және ірі халықаралық турнирлер кіреді. Сонымен қатар алдағы тамыз айында 7–8 елдің ұлттық құрамаларын Астанаға шақырып, біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарымызда бар», — деп түйіндеді бас бапкер.