Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Эритерия ұлттық құрамасы: Бұл елдің футболшылары неге жоғалып кете береді?

Эритерия ұлттық құрамасы: Бұл елдің футболшылары неге жоғалып кете береді?

Африка материгіндегі бір елдің футбол командасы халқыаралық турнирлерден кейін үйлеріне қайтпай жоғалып кетеді… Бұл – кино емес, шынайы өмірде болған оқиға және бір рет емес, бірнеше рет қайталанған. Әңгіме – Эритрея туралы. Африка құрлығындағы шағын ғана мемлекет әлемге өзінің футболымен емес, дәл осы таңғаларлық әрі қайғылы оқиғаларымен танылып келеді. Эритрея футболшылары халықаралық жарыстардан кейін жаппай қашып кететінін білесіз бе?

Эритрея деген қандай ел?

Эритрея – Шығыс Африкада, Қызыл теңіз жағалауында орналасқан мемлекет. 1993 жылы Эфиопиядан тәуелсіздік алғанымен, елде толыққанды демократиялық жүйе қалыптаспады. Соңғы 30 жылда елді Исайас Афеверки басқарып отыр, ол Африкадағы ең ұзақ билік етіп отырған диктаторлардың бірі.

Елде сөз бостандығы, адам құқықтары шектелген. Халықаралық ұйымдар Эритреяны жиі «Африкалық Солтүстік Корея» деп атайды. Елдегі негізгі проблемалардың бірі – міндетті әскери қызметтің шектелмегендігі. Яғни, азаматтар 18 жастан бастап әскерге алынып, онда белгісіз мерзімге дейін, кейде өмір бойына қалуы мүмкін. Бұл – көптеген жастардың елден қашып шығуына түрткі болады.

Футболшылардың қашуы қалай басталды?

Эритрея футболшыларының жоғалуы 2000 жылдардың ортасынан басталды. Халықаралық жарыстарға барған кезде, ойыншылар елге оралудан бас тартып, сол барған елінде баспана сұрап қалатын болған. Олар футбол жарысын еркіндікке шығудың жалғыз жолы ретінде көреді.

Мысалы:

— 2009 жылы Кенияда өткен СЕКАФА Кубогынан кейін Эритрея құрамасының 12 ойыншысы жоғалып кетті. Олар Кенияда қалып, кейінші Уганданы паналап, Уганданың босқындар лагеріне орналасты.

— 2011 жылы Танзанияда өткен жарыстан кейін тағы 13 ойыншы ізім-ғайым жоғалды. Олар кейін адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар арқылы баспана алып, кейбірі Австралияға қоныс аударды.

— 2015 жылы Ботсванамен болған матчтан кейін 10 футболшы елге оралмай қалды. Ботсвана үкіметі оларға уақытша пана беріп, кейін Уганда мен Канада сияқты елдерге көшуіне көмектесті.

Футбол арқылы бостандыққа жол

Осы оқиғалардан кейін Эритрея футболшылары үшін әрбір халықаралық матч – еркіндікке шығатын мүмкіндіктің терезесі болып кетті. Бұл тек спорт емес, шын мәнінде өмір мен өлім арасындағы таңдау. Олар елдегі әскери диктатура мен қатаң режимнен қашып, шетелде жаңа өмір бастауға үміттенеді.

Үкіметтің реакциясы қандай болды?

Эритрея билігі бұл мәселеге қатысты өте жабық. Олар көбіне бұл фактілерді жоққа шығарады немесе сыртқы елдерді өз азаматтарын «ұрлап кетті» деп айыптайды. Бірақ кейінгі жылдары билік саяси спортшыларды халықаралық жарыстарға жіберуден бұрын олардың отбасы мүшелерін кепілге алу, тыңшылар жіберу, қатаң бақылауда ұстау сияқты тәсілдерге көшкен.

Соның өзінде де кейбір футболшылар қашып кетуге мүмкіндік тауып жатыр. Эритреядан қашатын тек футболшылар емес. Елден жыл сайын мыңдаған адам көрші Эфиопияға, Суданға, кейін Еуропаға босқын ретінде жол тартады. БҰҰ мәліметінше, Эритрея – әлемдегі ең көп босқын беретін елдердің бірі.

Қорытынды

Футбол – әлемде миллиондаған адам үшін қуаныш, эмоция, бәсеке, спорттық драма болса, Эритрея футболшылары үшін ол үміт, еркіндікке жол, өмірді қайта бастау мүмкіндігі.

Бұл оқиғалар бізге спорт тек ойын ғана емес екенін еске салады. Кейбір адамдар үшін ол, нағыз құтқарушы күш. Эритрея футболшыларының тағдыры – саясат, бостандық, және адам құқығы арасындағы күрестің символына айналды.