03.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Эльхан Астанов: «Әлиев шешімін қабылдаймын»

Эльхан Астанов: «Әлиев шешімін қабылдаймын»

«Ордабасы» жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов қыркүйекте өтетін әлем чемпионатының іріктеу ойындарына Қазақстан құрамасына шақырылмағаны жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Әдеттегідей қабылдадым. Бұл бірінші рет емес қой. Өткен жиынға да шақырылмадым. Әрине, бас бапкер менің позициямда ойнайтын басқа ойыншыларды жақсы формада деп санаған шығар. Бұл – менің ойым. Шешімді талқыламаймын, бәрі қалыпты. Қазір «Ордабасының» қалған матчтарына дайындалып жүрмін», – деді футболшы Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында.

25 жастағы Астанов бұған дейін Қазақстан құрамасы сапында 18 ойын өткізіп, 1 гол және 1 нәтижелі пасымен көзге түскен. Жазда ол «Астанадан» «Ордабасыға» ауысқан болатын. Жаңа клубында Кәсіпқой футбол лигасының 2025 жылғы маусымында 5 матчта 2 гол соқты. Transfermarkt дерегінше, ойыншының қазіргі бағасы – 350 мың еуро.