02.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Елена Рыбакина Уимблдон-2025 турнирін сенімді жеңіспен бастады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Елена Рыбакина Уимблдон-2025 турнирін сенімді жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон-2025 жарысындағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Әлемдік рейтингте 11-орында тұрған отандасымыз алғашқы айналымда армениялық Элина Аванесянмен (WTA №49) жолықты.

Кездесу Рыбакинаның толық басымдығымен өтті — 6:2, 6:1. Ол матч басынан-ақ ойынды бақылауына алып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ.

Екінші айналымда Еленені анағұрлым мықты қарсылас күтіп тұр — грек теннисшісі Мария Саккари (WTA №77). Ол алғашқы айналымда ресейлік Анна Блинкованы 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, биыл Уимблдон турнирінің жүлде қоры — 22,7 миллион еуро. Жекелей сында жеңіске жеткен спортшы 3,51 миллион еуро және 2000 рейтингтік ұпай алады. Қазіргі чемпион — чехиялық Барбора Крейчикова, ол әлемдік рейтингте 16-орында тұр.