05.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Елена Рыбакина қорытынды жасады: «Маусым оңай басталмаса да, өзімді қайта таптым»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Елена Рыбакина қорытынды жасады: «Маусым оңай басталмаса да, өзімді қайта таптым»

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2025 жылғы маусымның алғашқы жартысына баға беріп, өз ойымен бөлісті. Монреальдегі турнир аясында өткен баспасөз мәслихатында әлемнің 12-ракеткасы маусымның қиын басталғанын мойындады, бірақ қазіргі нәтижелерге көңілі толатынын жеткізді.

«Жалпы алғанда, маусым жаман емес. Әрине, бұған дейінгі жылдары жақсырақ нәтиже көрсеткен кездерім болды. Биылғы жылдың басында оңай болған жоқ. Бұрын маусымның бірінші жартысында жақсы ойнайтынмын, ал бұл жолы өз ойынымды табу үшін біраз уақыт қажет болды. Қазір бәрі дұрыс бағытта келе жатыр деп ойлаймын. Енді алдағы кезеңде бұрынғыдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын», – деді Рыбакина.

2025 жылы Елена WTA 500 санатындағы Страсбург турнирінде бір титул жеңіп алды. Ал қазіргі таңда Монреальде өтіп жатқан жарыста ол WTA 1000 деңгейінде 2019 жылдан бері 10-жартылай финалына шығып, бұл көрсеткіш бойынша үздік 5 теннисшінің қатарына енді.

Жартылай финалда Рыбакина 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен кездеседі.