Оқу уақыты: 2 мин

«Егер пенальти сериясына дейін жетсе, «Тоттенхэм» «МЮ»-ді жеңіп кетуі мүмкін». ҚФФ медиа қызметкері Еуропа лигасының финалы туралы

«Егер пенальти сериясына дейін жетсе, «Тоттенхэм» «МЮ»-ді жеңіп кетуі мүмкін». ҚФФ медиа қызметкері Еуропа лигасының финалы туралы

Мамырдың 21-нен 22-не қараған түні кәрі құрлықтың екінші ең ірі додасы — Еуропа лигасының шешуші матчы өтеді. Бұл жолы финалда ағылшындық екі команда — «Тоттенхэм» мен «Манчестер Юнайтед» күш сынасады.

Ақтық ойыннан не күтуге болады? Қай команда басымдыққа ие? Жеңіске жетуде шешуші рөл атқаратын не болуы мүмкін? Sport Pulse порталының бұл сауалына Қазақстан футбол федерациясының медиа қызметкері Сейіл Қожатай жауап берді.

Финалдың маңызы:

— «Манчестер Юнайтед» және «Тоттенхэм» еурокубок финалында бірінші рет кездеседі. Бұл ойын қос командаға да маусымды құтқаратын жалғыз мүмкіндік деуге болады. Өйткені жеңімпаз Чемпиондар лигасына жолдама алады. Сондықтан бұл өте маңызды матч.

«МЮ» футболшылары алаңды мұқият зерттеуде  / uefa.com 

Командалардың ақтық ойынға дейінгі жолы:

— «Манчестер Юнайтед» алғашқы плей-офф раундында испаниялық «Реал Сосьедадты» жарыстан шығарды. Ширек финалда «Лионмен» қос матчтық текетірестің жеңімпазы қосымша уақытта белгілі болды. Ал жартылай финалда «қызыл сойқандар» Бильбаоның «Атлетик» командасын сенімді түрде жеңді.

1/8 финалдың бірінші матчында «Тоттенхэм» «АЗ Алкмаар» аяқдопшыларынан 1:0 есебімен жеңіліп, жауапты кездесуде 3:1 есебімен жеңді. Франкфурттық «Айнтрахтқа» қарсы өткен ширек финалдың тағдырын бір доп шешті, ал жартылай финалда лондондықтар Никита Хайкиннің «Буде-Глимтын» тізе бүктірді.

«Тоттенхэмнің» артықшылығы:

— Осы маусымда «Тоттенхэм» және «МЮ» екі рет премьер-лигада кездесті. Үш матчта лондондықтар жеңіске жетті, соның біреуі кубоктық матчта. Бұл жағдай лондондықтарға психологиялық тұрғыда сенімділік беретіні сөссіз.

Жарақаттар мен негізгі ойыншылар:

— Қос команданың да құрамдарында аздап мәселелері бар. «Тоттенхэмде» Дрэгушен, Мэддисон және Кулусевски ойнамайды, ал «Манчестер Юнайтедте» жарақатына байланысты де Лихт өнер көрсетпейді. Дегенмен, манкуньяндықтардың негізгі ойыншылары Далот, Зиркзее және Йоро сапқа оралды. Сондай ақ Бруну Фернандеш қазір өз бабында. Ол бұл турнирде 7 доп тоғытқан. Маусым үздіктерінің бірі. Бұл «МЮ»-ге басымдық береді.

«МЮ»-дің жартылай қорғаушысы Бруну Фернандеш / uefa.com 

Финалдың мүмкін сценарийі:

— Дегенмен, бұл финал болғандықтан және қос командаға соңғы мүмкіндік болғаннан кейін бірден шабуылға толы ойын болып, көп гол соғылады деп айта алмаймын. Негізгі уақыт тең аяқталатын сияқты. Еуропа лигасының жеңімпазы қосымша таймда немесе пенальти сериясында анықталады деп ойлаймын. Ал, егер пенальти сериясына дейін жетсе, «Тоттенхэм» жігіттері ұтып кетуі мүмкін.

Матч туралы негізгі ақпарат:

Күні: 21 мамыр

Тікелей эфир — 23:50-де басталады

Стадион: «Сан-Мамес», Бильбао

Бас төреші: Феликс Цвайер (Германия)

Көрсетілім: Qazsport телеарнасы

Басты сурет: «Тоттенхэм» «Сан-Мамес» стадионында жаттығып жатыр / uefa.com 

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!