09.01.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Дзюдоға барып, боксшы болды»: Бек Нұрмағанбеттің әкесі баласы үшін мақтанбайтынын айтты

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбеттің әкесі Қазбек Махатов «SPORT+» арнасына сұхбат беріп, перзенті туралы ағынан жарылды, — деп хабарлайды Бірінші бол.

Қазбек Махатов өзін ешкім танымайтынын, белгілі боксшының әкесі екенін айта бермейтінін айтады.

«Бектің менің балам екенін көп жағдайда қасымда тұрған адамдар біле бермейді. Мен де мақтанып айта қоймаймын. Себебі, мені ешкім танымайды. Ұлымның тегі әкемнің атымда, ал менің тегім Махатов. Бек Нұрмағамбеттің әкесімін де ешкімге кеудемді ұрып айтпаймын да. Баламның достары болмаса, өзгелері мүлдем танымайды. Біреу сұрамаса, мен де тіс жарым ештеңе айта қоймаймын. Бұл жасырғаным емес. Мақтанғанды ерсі көремін» — деді Қазбек Махатов.

Оның айтуынша, ұлы бастапқыда дзюдомен айналысқан. Алайда кейін ол боксты таңдап, он күн ішінде республикалық турнириден орын алған көрінеді.

«Бастапқыда Бекті дзюдо секциясына бергенмін. Сол спортпен шұғылданып жүрді. Кейін боксқа ауысты. Алғашында комиссия оны қаны аз деп қабылдамай қойғаны бар. Кейін боксқа қатысып, бір аптадан кейін Б.Саттарханов турнирінде жеңімпаз атанды. Кейін бокста тек өрлей берді», — деді әкесі Махатов.

Бұған дейін боксшы Сауль Альвареспен жаттығатынын, алайда жекпе-жектер үшін қыруар қаржы алмайтынын айтқан болатын. Ол бұрын әуесқой бокс құрамасында өнер көрсетіп, Азия чемпионы атанған.