03.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Думан Нәрзілдаев: «команда да қалу қалмауым белгісіз»

Думан Нәрзілдаев: «команда да қалу қалмауым белгісіз»

2025 жылғы Қазақстан Премьер лигасында ерекше есте қалған клубтардың бірі — қызылордалық «Қайсар». Легионерлердің көмегінсіз «Қайсар» осы маусымда 22 ұпай жинап 11-орында тұрақтады.

Маусымды қортындылау мақсатында Sport Pulse тілшісі «Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы Думан Нәрзілдаевпен хабарласып, сұхбат құрды.

— Думан, сіз үшін және команда үшін маусым қиын болғаны сөзсіз. Маусымды қорытындылап өтсең?

— Әрине, бұл маусым біз үшін ең қиын маусымдардың бірі болды. Өйткені бізде маусым басында легионерлерсіз Премьер лигада қалу деген мақсат қойылды. Өзіміздің қазақ жігіттерімен ішкі атмосфера жақсы болды. Маусымда орташа нәтиже көрсеттік деген ойдамын. Ең бастысы қойылған тапсырманы орындап шықтық.

Сол үшін «Қайсардағы» әріптестеріме рақмет айтқым келеді. Жігіттермен жиналып маусымды қорытындылап шықтық. Құдай қаласа келесі маусымда осы жігіттермен бір команда да жиналып бұдан да жақсы деңгейде өнер көрсетеміз деп сенемін. Бірақ қазір команданың жекеге өтуіне байланысты, келер маусымда қандай өзгерістер болары белгісіз. Оны уақытында көре жатармыз. Ал қазір демалыстамыз.

— Жарақатыңыздан айықтыңыз ба?

— Жарақаттан әлі толық айыққан жоқпын. Бірақ жағдайым күннен күнге жақсаруда. Әлі де жұмыс жасау керек және жасап жатырмын. Өйткені келесі маусымда жаңа деңгейде, жоғары қарқынмен жақсы нәтиже көрсеткім келеді.

— Келесі маусымда клубта қаласыз ба?

— Команда да қалу қалмауым белгісіз. Маусымның аяқталғаны кеше. Басшылықпен ол жайында әлі сөйлесіп үлгермедік.