21.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Диас Сейітқалиев әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Диас Сейітқалиев әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстандық грек-рим күресшісі Диас Сейітқалиев Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алды.

Ширек финалда ол үндістандық Принсті сенімді жеңіп, төрттікке өтті. Енді Сейітқалиев финал жолдамасы үшін жапон балуаны Тайзо Ёсидамен белдеседі. Айта кетейік, Ёсида өткен жылы ересектер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, жастар әлем біріншілігінде қола жүлде иеленген.

Бұл біріншілікте грек-рим күресінен Қазақстан атынан Диастан бөлек Арсен Жұма (55 кг), Саламат Мұратұлы (60 кг), Дамир Ибрашов (63 кг), Әлібек Тұрлығазы (67 кг), Юсуф Ашрапов (72 кг), Ақжан Ықыласов (77 кг), Темірлан Тұрдақын (87 кг), Нұрасыл Аманалы (97 кг) және Қуаныш Амангелді (130 кг) сынға түсуде.

Осы жарыс аясында еркін күресте Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтерілді: Едіге Қасымбек (125 кг) чемпион атанып, Камиль Куруглиев (92 кг) күміс жүлде иеленді. Нұрданат Айтанов (57 кг), Досжан Құлғайып (74 кг) және Самир Дурсунов (97 кг) қола медаль алды.