07.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Дәулет Қаби: «WBC Asia silver мансабымдағы ең беделді белбеу болғалы тұр»

Sport Pulse редакциясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Дәулет Қабимен (4-0, 3 КО) алдағы жекпе-жекке дайындығы туралы сұрап, сұхбаттасып қайтты.

9-қараша күнгі жекпе-жекке дайындығың қалай?

Дайындық өте жақсы болды. Нұрбол Құлжабаев, Нұрлан Жайсанбаев , Оразәлі Әлдібаев есімді жеке бапкерлеріммен жұмыс жасап, біраз тер төктік. Атап айтқанда техника және методикамен жұмыс жасадық. Жекпе-жекке толық дайынбыз. Бокс кешін асыға күтудемін.

Қарсыласың Рамал туралы не айта аласың? Зерттеп үлгердің бе?

Дәрежесі жоғары және мықты қарсылас. Өте тәжірибелі екені көрініп тұр. Кәсіпқой бокста 20 жекпе-жегінде жеңіске жеткен екен.  Ағамыз Генадий Головкиннің Деревьянченкомен жекпе-жек кезінде бір кардта өнер көрсеткен. Бұны атап өтпеске болмайды. Үлкен шоуларға қатысқан, Америкада жекпе-жектер өткізген. Зерттеп қарап, осал тұстарына қарсы дайындалып жатырмыз.

WBC Asia Silver белбеуі үшін жекпе-жек өткізгелі отырсың. Белбеу туралы айта өтсең?

Мен ең алғаш жеңіп алған чемпиондық белбеу WFA әлем чемпионы еді. Содан кейін WBS әлем чемпионы. Дегенмен менің мансабымда WBC ең беделді белбеу болғалы тұр. Сондықтан жеңу үшін бар күшімді саламын. Мотивациям өте жоғары. Маған бұл титулды жекпе-жекке ұсыныс қысқа мерзімде Түркия елінің промоутері Сердар Авчи  мен WBC өкілі Оксана Семенишинадан түсті. Оларға алғысымды айта өткім келеді.

Қазақстанда жекпе-жек өткізуді сағынған шығарсың? Жанкүйерлерге не дайындап жатырсың?

⁠Әрине сағындық. Өз еліңде жұдырықтасқан мүлдем басқа сезім, үлкен жауапкершілікті сезінемін. Жанкүйерлерге Qazaq style немесе Big drama show көрсетеміз. Қолымнан келгеннің бәрін жасаймыз.

Қазақстандық боксшылармен айқасқа шығуға көзқарасың қалай?

Кәсіпқой бокста қазақтың қазақпен жұдырықтасуына қарсымын. Өз бауырымды ұру маған өте ауыр көрінеді. Мейлі ол спорттық қызығушылық болса да. Ондай ұсыныстарды қабылдап көрген емеспін және қабылдамаймын да.

Артыңнан ерген жас боксшыларға айтар ақыл кеңесің?

99 % еңбек 1% талант болса еңбектің жемісін жейсің. Алдыңа мақсат қойып, еңбек етсең жетесің. Мақсатқа берік болу керек. Зиянды әрекеттерден аулақ болып, бар назарды спортқа аудару қажет. Қазір бокс мектептері өте көп. Үйірме бағалары да анау айтқандай қымбат емес. Біздің балалық шағымызда қазіргідей бокс залдары өте аз еді

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев