20.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Дастан Сатпаев 17 жасқа дейінгі әлемнің ең қымбат футболшыларының топ-30-на кірді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Дастан Сатпаев 17 жасқа дейінгі әлемнің ең қымбат футболшыларының топ-30-на кірді

Transfermarkt порталы 17 жасқа дейінгі футболшылардың жаңартылған трансферлік құнын жариялады. Бұл тізімге алғаш рет «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сатпаев енді.

Қазақстан құрамасы мен «Қайраттың» 16 жастағы форварды 1,8 миллион еуроға бағаланып отыр. Бұған дейін оның нарықтық құны 500 мың еуроны құраған. Мұндай өсімнің арқасында Сатпаев әлемдік рейтингтің 27-орнына жайғасып, посткеңестік елдер арасындағы ең қымбат жас ойыншы атанды.

Рейтинг көшін Испания құрамасы мен «Барселона» вингері Ламин Ямаль бастайды — оның құны 200 миллион еуро. Екінші орында жуырда «Реалмен» келісімшартқа қол қойған аргентиналық Франко Мастантуоно (30 млн), ал үздік үштікті «Лилль» жартылай қорғаушысы Аюб Буадди (28 млн) түйіндеп тұр.

Кәсіпқой маусымда Сатпаев керемет нәтиже көрсетіп келеді: ҚПЛ-дың 16 ойынында 9 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Қазіргі таңда ол чемпионаттағы сұрмергендер жарысында көш бастап тұр.