Оқу уақыты: 1 мин

«Дания – тосын сый жасай алатын құрама» – сарапшы Канадаға қарсы матч туралы

«Дания – тосын сый жасай алатын құрама» – сарапшы Канадаға қарсы матч туралы

22 мамырда хоккейден әлем чемпионатында Канада мен Дания құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ойын Қазақстан уақытымен 22:20-да басталады.

Бұл екі құрама соңғы рет 2024-ші жылғы әлем біріншілігінде кездескен болатын. Ол ойында канадалықтар 5:1 есебімен жеңіске жеткен. Сол турнирде Канада өз тобында бірінші орын алып, Дания плей-офф кезеңіне шыға алмай қалған еді.

Хоккей сарапшысы әрі Freedom QJ League-ның баспасөз қызметкері Бекежан Ардақұлы Sport Pulse порталына алдағы ширек финал ойынына қатысты пікір айтты:

— Канада — жаңа импульс алған ұжым. Құрамаға Сидни Кросби қайта оралды. Команда әрдайым, әрбір Әлем чемпионатында сенімді фавориттердің бірі болады. Бұл ойында Канада жеңіске жетеді. Бірақ Данияның артықшылығы — олар өз жанкүйерлерінің алдында ойнайды. Сондай ақ, топтық кезеңдегі шешуші матчта да даниялықтар шеберлігін, мінезін көрсете білді. Германияға қарсы кездесуде жеңіліп жатып, үшінші кезеңде олар ойынды овертаймға ұластырды. Ал овертаймда тең түсіп, буллиттер сериясында сенімді жеңіске жеткен болатын. Сондықтан Дания — тосын сый жасай алатын құрама. Жалпы, Канада мен Дания арасындағы ойын қызыққа толы өтеді деген сенімдемін.

Басты сурет: Дания құрамасы / globallookpress.com