04.03.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Чемпиондар лигасының 1/8 финалы: футбол сарапшысы Қазыбек Тайлановтың алдағы ойындарға болжамы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

4 наурызда Чемпиондар лигасының 1/8 финалының алғашқы матчтары басталады. Еуропаның ең мықты 16 клубы ширек финалға өту үшін күреседі. Сегіз команда топтық кезеңде сүрінбей өтіп, плей-оффқа тікелей шықты, ал қалған сегізі 1/8 финалға іріктеу ойындарында жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

1/8 финалға қатысушылар:

Тікелей плей-оффқа шыққандар:

  • Арсенал (Англия)
  • Астон Вилла (Англия)
  • Лилль (Франция)
  • Атлетико (Испания)
  • Байер (Германия)
  • Барселона (Испания)
  • Интер (Италия)
  • Ливерпуль (Англия)

1/8 финалға іріктеу матчтарында жеңіске жеткендер:

  • Бавария (Германия)
  • Бенфика (Португалия)
  • Брюгге (Бельгия)
  • Фейеноорд (Нидерланды)
  • ПСЖ (Франция)
  • Реал (Испания)
  • Боруссия Дортмунд (Германия)
  • ПСВ (Нидерланды)

Футбол сарапшысы Қазыбек Тайланов алдағы ойындарға болжам жасады:

«Брюгге» – «Астон Вилла»

– «Аталантаны» жеңген «Брюгге» тағы бір сенсация жасай ала ма?

– Бұл кездесуде «Астон Вилла» айқын фаворит: құрамы күштірек, ал Унаи Эмери – еурокубоктарда тәжірибесі бар маман. «Брюгге» шарықтау шегіне жетті, бірақ ары қарай өтуі қиын. Англиялық клубтың жеңісіне сенімдімін.

«Боруссия Дортмунд» – «Лилль»

– «Боруссияның» шабуылдағы күші ме, әлде «Лилльдің» қорғаныс тәртібі ме? Қайсысы мықты?

– «Боруссия» өте қарқынды ойнайды, бірақ «Лилль» мықты қарсыластарды, соның ішінде «Реалды» да тоқтата алатынын көрсетті. Бұрын «Боруссияда» ойнаған Томас Менье дортмундтықтардың әлсіз тұстарын біледі. «Лилльдің» жеңіске жету мүмкіндігі дұрыс бағаланбай отыр, меніңше француздар келесі кезеңге өтуі мүмкін.

Томас Менье Сурет: uefa.com

ПСВ – «Арсенал»

– Голландиялықтар «канонирлердің» шабуылын тоқтата ала ма?

– Екі команда да шабуылдаушы футболды ұнатады, сондықтан бұл матчтан көп гол күтемін. «Арсенал» ойыншыларының деңгейі жоғары, бірақ ПСВ-ні елемеуге болмайды. Дегенмен, Артетаның командасы жеңіске жетеді деп ойлаймын.

«Реал» – «Атлетико»

– Анчелотти мен Симеоне арасындағы тактикалық дуэлде кім басым болады?

– «Реал» Чемпиондар лигасының тұрақты фавориті, бірақ «Атлетико» өте жақсы формада. «Реалда» мәселелер бар: Карвахаль жарақат алды, ал Кроос кеткеннен кейін орталық шебі әлсіреді. Симеоне «Реалға» қарсы ойнауды біледі. Бұл матчта аяқдопшылар өте сақ әрекет етеді деп ойлаймын, ал қарымта матчта пенальти сериясы да болуы мүмкін.

Симеоне және Анчелотти

«Фейеноорд» – «Интер»

– «Миланды» жеңгеннен кейін голландиялықтардың «Интерден» басым мүмкіндігі бар ма?

– «Интер» жалпы алғанда, «Миланнан» да, «Фейеноордтан» да мықты. Голландиялық клуб өткен кезеңде таң қалдырды, бірақ тағы бір италиялық команданы жеңу қиын болады. «Интер» жеңіске жетіп, ширек финалға шығады деп ойлаймын.

«Бавария» – «Байер»

– Бұл ойында «Бавария» фаворит пе, әлде «Байер» мықты ма?

– Қағаз жүзінде «Бавария» фаворит, бірақ «Байердің» қазіргі ойын өрнегі жақсы. Мюнхендіктер «Селтикті» әрең жеңді, ал орталық шебінде осал тұстары бар. Флориан Вирц – бұл матчтың ттағдырын шешетін аяқдопшы болуы мүмкін. Меніңше, «Байер» келесі кезеңге өтеді.

Флориан Вирц

«Бенфика» – «Барселона»

– Португалиялықтар каталондықтардың әлсіз тұстарын пайдалана ала ма?

– «Барселона» қорғаныста қателіктер жіберуі мүмкін, бірақ шабуылда қарқын алса, оны тоқтату қиын. Ханс-Дитер Флик командасында теңгерімді ойын қалыптастыруда, ал «Бенфика» қорғаныста сенімсіз. Каталондықтар ширек финалға шығады.

ПСЖ – «Ливерпуль»

– «ПСЖ» «Ливерпульдің» шабуылын қалай тоқтатпақ?

– Бұл 1/8 финалдың орталық матчтарының бірі. Париждіктерге өз алаңында басымдық таныту маңызды, әйтпесе «Энфилдте» олар үшін Чемпиондар лигасы аяқталады деген қауіп бар. Кездесудің қаһарманы Кварацхелия болуы мүмкін – оның дриблингі мен қорғанысты бұзу қабілеті нәтиже беруі ықтимал. Бірақ «Ливерпуль» соңына дейін күресетін команда.

Хвича Кварацхелия / Сурет: © Franco Arland / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Алғашқы матчтар 4–5 наурызда, қарымта кездесулер 11–12 наурызда өтеді.

Басты сурет: IMAGO/Finley M?rch/ IMAGO/Steinsiek.ch/TASS