06.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін Словакияның «Слован» командасымен кездеседі

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін Словакияның «Слован» командасымен кездеседі

Алматылық «Қайрат» бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды Sport12.kz.

Жарыстың аталған сатысында қазақстандық клуб Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасады.

Алғашқы ойын бүгін, 5 тамызда Алматы қаласында қазақстандық уақытпен 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл кездесуде Нидерланд елінің өкілі Сердара Гэзюбююк бастаған төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Оған отандастары Эрвин Зейнстра мен Патрик Иниа көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі — Янник ван дер Лаан.

Қарымта ойын 12 тамызда Словакия астанасы Братислава қаласында болады.

Алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.

Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.

«Слован» командасы 1919 жылы құрылған. Өз елінде 15 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ 5 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанды. Оған қоса 10 мәрте Словакия кубогын төбесіне көтерді.

Словакиялық клубтың бас бапкері Владимир Вайсс 2013-2015 жылдарда «Қайраттың» тізгінін ұстаған еді.

Қазіргі құрамында 2019-2021 жылдарда қазақстандық «Қайсар», «Астана» клубтарының намысын қорғаған армениялық футболшы Тигран Барсегян ойын көрсетеді.

Егер «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жағдайда плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.

Ал Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен жағдайда швейцариялық «Янг Бойз» клубымен шеберлік байқасуы мүмкін.