Оқу уақыты: 1 мин

«Чехиядан кейін америкалықтар сенімділігін арттыра түсті» — сарапшы АҚШ пен Финляндия арасындағы шайқас туралы

«Чехиядан кейін америкалықтар сенімділігін арттыра түсті» — сарапшы АҚШ пен Финляндия арасындағы шайқас туралы

22 мамырда Стокгольм қаласындағы «Авичи Аренада» шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы ең қызықты кездесулердің бірі өтеді — АҚШ пен Финляндия құрамалары мұз үстінде жолығады. Екі құрама да топтық кезеңнен сенімді түрде өтті, алайда енді біреуі турнирмен қош айтысады.

Америкалықтар Швейцариядан ғана жеңіліп, өз тобында екінші орнын алды. Шабуылда АҚШ құрамасы сәтті ойын көрсетті — 34 шайба соқты, бұл көрсеткіш бойынша команда турнирде Чехиядан кейінгі орында тұр. Америкалықтардың басты сұрмергені — 20 жастағы Фрэнк Назар. Ол 11 (6+5) ұпай жинап, чемпионаттың ең нәтижелі бес ойыншысының қатарына енді.

Финдер А тобында үшінші орынды иеленді. Олар 22 шайба соққан. Бұл көрсеткіш Канада мен Швециядан ғана төмен. Бірақ финдер қорғаныста өте сенімді ойнады: небәрі 10 шайба ғана жіберген. Финляндия тек турнир иелері шведтерден жеңілді, ал екі ойында негізгі уақыттан кейін жеңіске жетті. Команданың басты көшбасшысы — Теуво Терявяйнен, ол 9 ұпай (1+8) жинап, топтық кезеңнің үздік ассистенттерінің бірі атанды.

Хоккей сарапшысы әрі Freedom QJ League-ның баспасөз қызметкері Бекежан Ардақұлы Sport Pulse порталына алдағы ширек финал ойынына қатысты пікір айтты:

— АҚШ топтық кезеңдегі шешуші ойында Чехия командасын 2:5 есебімен жеңген болатын. Жалпы динамикаға толы ойын болды және бұл матчтан кейін АҚШ сенімділігін арттыра түсті деп ойламын. Финляндияға қарсы кездесуде АҚШ еш қиындықсыз келесі кезеңге жолдама алуы керек.

Басты сурет: iihf.com