17.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Бұл — жылдамдық пен тәжірибе шайқасы болады» — сарапшы «Флуминенсе» мен «Боруссия» ойыны туралы

«Бұл — жылдамдық пен тәжірибе шайқасы болады» — сарапшы «Флуминенсе» мен «Боруссия» ойыны туралы

17 маусымда Нью-Йорктегі «Метлайф Стэдиум» аренасында футболдан 2025 жылғы Клубтық әлем чемпионатының F тобы аясында әсерлі матч өтеді. Алаңда Бразилияның «Флуминенсе» клубы мен Германия Бундеслигасы алыптарының бірі — дортмундтық «Боруссия» кездеседі.

Freedom QJ League-ның медиа-маркетинг үйлестірушісі Әділет Талғатбек Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты:

— «Флуминенсе» мен «Боруссия» арасындағы бүгінгі матч қызықты болайын деп тұр. Алаңда техникасы жақсы бразилиялықтар мен қуатты әрі жылдам немістер кездеседі. «Боруссияның» шабуылы өте қауіпті: Гирасси, Брандт және Адееми секілді ойыншылар қарсыласқа көп қиындық тудыруы мүмкін. Ал «Флуминенсе» тәжірибелі Тиаго Силвамен және қанаттағы жылдам ойыншыларымен жауап қатпақ. Бұл ойында қорғаныста аз қателік жасап, шабуылдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған команда жеңіске жетеді. Болжам — «Боруссия» 3:1 есебімен жеңеді, бірақ бұл оңай матч болмайтыны анық.

Ойын Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, F тобында «Флуминенсе» мен «Боруссиядан» бөлек, Оңтүстік Кореяның «Ульсан Хенде» клубы және Оңтүстік Африканың «Мамелоди Сандаунс» командасы да бақ сынайды.

Биылғы Клубтық әлем чемпионатына алты түрлі құрлық конфедерациясынан келген 32 команда қатысуда. Бұл турнирді шынымен де жаһандық деңгейдегі әрі тартысқа толы футбол мерекесіне айналдырып отыр.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!