27.06.2025
Оқу уақыты: 3 мин

«Бұл турда тартыс та, тосынсый да болады» — сарапшы ҚПЛ-дың 14-турына болжам жасады

«Бұл турда тартыс та, тосынсый да болады» — сарапшы ҚПЛ-дың 14-турына болжам жасады

28 маусымда Қазақстан премьер-лигасының 14-ші тур ойындары басталады. Қазіргі таңда турнир кестесінде көш бастап тұрған — «Астана» (14 матч, 33 ұпай), екінші сатыда «Қайрат» (30 ұпай) келеді, ал үздік үштікті «Тобыл» (12 ойын, 27 ұпай) түйіндеп тұр.

Спорт журналисі Мадина Асылбек Sport Pulse порталына алдағы матчтарға қатысты пікір айтты.

Ұлытау — Жетісу

— Бұл кездесуден не күтуге болады?

— «Ұлытау» соңғы турларда жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Азовский шәкірттері біртіндеп турнир кестесінде көтеріліп келеді. «Жетісумен» ойында да орталық қазақстандықтар барын салады деп ойлаймын. Алаң иелері артқа шегінбей ойнайды. Ал «Жетісу» бұған дейін «Қайратпен» тең ойнап, «Ақтөбені» жеңді. Яғни Талдықорған футболшылары да осал емес. Сондықтан тартысты кездесу тең аяқталады деп есептеймін.

«Жетісу» ФК

Атырау — Оқжетпес

— Қай команда басымдыққа ие?

— «Мұнайшылар» клубының бас директоры Дидар Сыдықбек жанкүйердің көңілінен шығатын, бастысы, нәтиже беретін құрам жасақтаймын деп сөз берген. Сондықтан «Атырау» трансферлік терезе кезінде құрамын толықтай жаңартып жатыр. Бұл дегеніміз – құрамның бір-бірімен үйлесімді ойын өрнегін көрсетуіне уақыт керек деген сөз. Тиісінше басымдық «Оқжетпесте» деп ойлаймын. Көкшетаулықтар соңғы турларда «Астана» мен «Ордабасына» есе жібергенімен, басқа фавориттерден ұпай ала алды. Бұл жолы да сырт алаңдағы тартысты кездесуде жеңісті жұлып алуға қабілетті.

Тобыл — Жеңіс

— Астаналықтар сырт алаңда нәтиже көрсете ала ма?

— «Тобыл» мен «Жеңіс» Қазақстан кубогының жартылай финалының алғашқы ойынын өткізгенін білесіздер. Қостанайлықтар 2:1 есебімен басым түсті. Осындай нәтиже премьер-лиганың кезекті турында да қайталанады деп үміттенемін. «Тобыл» допқа көбірек иелік етіп, шабуылды жоспарлы жүргізеді. Ал «Жеңістің» матчтарда ұпай алуы қиын болып тұр, әсіресе мықты қарсыластармен кездесулерде абдырап қалады. Тиісінше құрамында тәжірибелі ойыншылары бар «Тобыл» — фаворит.

Тұран — Ақтөбе

— Бұл текетіресте кім ұтады?

— «Тұран» мен «Ақтөбе» кездесуінде кім ұтады деген сұрақты қоюдың өзі әбестік шығар. Түркістандық клубтың сапынан 15 ойыншы кетті. Яғни негізгі құрамның аяқдопшылары клубпен қош айтысты. Енді «Тұран» жергілікті жастарға сенім артып отыр. Олардың шамасы азулы «Ақтөбеге» келе қоймас. Жеңіс қонақ командада.

«Ақтөбе» ФК

Астана — Қызылжар

— «Қызылжар» «Астананың» жеңісті сериясын тоқтата ала ма?

— «Астана» ақырындап бабына еніп келеді. Бабаян шәкірттері соңғы бес турдың бәрінде жеңіске жетті. Бұл жолы да алған бетінен қайта қоймас. Десе Солтүстік Қазақстаннан келген футболшылар жеңісті оңай бере салмайды. Білікті Чурчич баптайтын «Қызылжар» текетіресетіні анық. Сөйте тұра «Астана» үш ұпайдың иесі атанады.

Ордабасы — Қайрат

— Турдың орталық ойыны туралы не айтасыз?

— Нағыз шайқас Шымкентте болады. «Ордабасы» жанкүйерлерінің алдында тырысып бағатыны сөзсіз. Бірақ шымкенттіктердің соңғы кездері шабуылы аяқсыз қалып жатыр. Клуб шабуылшыға жарымай тұрғандай. Ал былтырғы чемпион «Қайрат» биылғы маусымда тұрақсыз. Екі команда да ұпай жоғалтқысы келмейді. Алматылықтар шабуылды үдетіп, оңтайлы сәтті пайдаланып кетпесе, тең ойын ықтималдығы жоғары.

Қайсар — Елімай

— «Қайсар» аяқдопшылары семейліктерге лайықты қарсылық көрсете ала ма?

— Биыл Қызылорданың «Қайсары» легионерлерден бас тартқаны белгілі. Яғни тек жергілікті ойыншыларға иек артып жүр. Сондықтан «Елімайға» шамасы келе қоймас. Бұл кездесуде семейліктер туған жеріне үш ұпаймен оралады деп ойлаймын.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!