04.07.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Бұл турда голдар көп болады» – сарапшы ҚПЛ-дың 15-турына болжам жасады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Бұл турда голдар көп болады» – сарапшы ҚПЛ-дың 15-турына болжам жасады

4 шілде Қазақстан премьер-лигасының 15-ші тур ойындары басталады. Қазіргі таңда турнир кестесінде көш бастап тұрған — «Астана» (15 матч, 34 ұпай), екінші сатыда «Қайрат» (33 ұпай) келеді, ал үздік үштікті «Тобыл» (13 ойын, 28 ұпай) түйіндеп тұр.

Футбол сарапшысы Нұрәлі Сағындықұлы  Sport Pulse порталына алдағы матчтарға қатысты пікір айтты.

«Қайрат» – «Тұран»: Қайрат бабында, Тұранда тұрақсыздық

«Қайрат» бабына келе жатыр. «Тұран» болса, клуб ішінде біршама ауыс-түйістер орын алып, команда әлі де ойын тәртібін қалыптастыра алмай жүр. «Қайрат» өз алаңында комбинациялық ойынымен «Тұранды» қыспаққа алып, сенімді жеңіске жетеді. «Қайрат» бұл ойында кемі екі доп айырмасымен жеңіске жетуі мүмкін.

«Қызыл-Жар» – «Ордабасы»: «Ордабасыға» шегінерге жер жоқ

«Қызыл-Жар» өткен турда «Астанаға» қарсы керемет мінез танытып, 1:3 есебінен 3:3-ке дейін жеткізді. Бірақ бұл ойында команда көп күш және эмоция жұмсады. Ал «Ордабасы» алдыңғы турдағы сәтсіздіктен кейін бұл кездесуде тек жеңіске ойнайды. Қазіргі жағдайда «Ордабасының» мотивациясы өте жоғары. «Ордабасы» жеңіске жетеді немесе тең нәтиже.

«Жеңіс» – Ұлытау: «Жеңістің» қарқыны

«Жеңіс» өткен турда «Тобылға» қарсы сенімді ойын көрсетті және команда сапына сапалы жаңа ойыншылар қосылды. «Ұлытау» жақында бапкер ауыстырып, команда эмоциялық серпіліс кезеңінде болуы мүмкін. Дегенмен, «Жеңіс» өз алаңында үш ұпайды алуға тиіс.

«Ақтөбе» – «Атырау»: «Ақтөбенің» артықшылығы

«Атырау» командасы толық құраммен әлі де бір-біріне үйренісу кезеңінде. Ал «Ақтөбе» тәжірибелі ойыншыларды, соның ішінде қазақстандық Жуковты қатарға қосып, күшейді. Өз жанкүйерлерінің алдында «Ақтөбе» сенімді ойын көрсетеді. Сондықтан бұл «батыс дербиінде» «Ақтөбе» жеңіске жетеді.

«Елімай» – «Тобыл»: Турдың ең қызықты матчы

Турдың басты матчтарының бірі «Елімай» мен «Тобыл» арасында өтеді. «Елімай» құрамын күшейтіп, қазақстандық үздік ойыншыларды қатарға қосты. Өз алаңында «Тобылға» қарсы ойнайтын бұл матч өте тартысты әрі нәтижелі болатыны анық.

«Жетісу» – «Астана»: «Астананың» үш ұпайға қажеттілігі

«Жетісу» соңғы турларда жақсы нәтиже көрсетіп, формасын жақсартуда. Дегенмен, «Астана» үшін бұл матчта жеңіс аса маңызды. Турнирлік кестеде жоғары орындарға таласып жатқан команда үшін үш ұпай ауадай қажет. Және бұл ойын «Астананың» жеңісімен аяқталады.

«Оқжетпес» – «Қайсар»: «Қайсардың» күрескерлік рухы

«Оқжетпес» клубында соңғы уақытта бапкер ауысты, сонымен қатар клуб басшылығында да түсініспеушіліктер бар деген ақпарат тарады. Бұған қоса, команда өз алаңында емес, «Ордабасының» стадионында ойнайды. Ал «Қайсар» әр матчта соңына дейін күресіп, командалық рухын жоғарылатып жүр. Сондықтан бұл ойында «Қайсар» жеңілмейді, тең ойында болып қалуы мүмкін.

 

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!