10.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Бокстан Қазақстан чемпионатына қанша спортшы қатысатыны белгілі болды

Бокстан Қазақстан чемпионатына қанша спортшы қатысатыны белгілі болды

14–21 қазан күндері Семей қаласындағы «Abai Arena» спорт кешені еліміздің үздік былғары қолғап шеберлерін қабылдайды, деп хабарлайды Sport Pulse.

Осы мерзім аралығында өтетін Қазақстан чемпионатына республика бойынша 20 аймақтан 371 боксшы қатысады. Оның ішінде 246 ер, 125 әйел спортшы чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады.

Биылғы бәсекенің басты ерекшелігі – спортшылардың World Boxing ұйымы бекіткен жаңа салмақ дәрежелерінде алғаш рет бақ сынауы. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекпе-жектер 10 салмақ санаты бойынша ұйымдастырылады.

Айта кетерлігі, бұл чемпионат ел құрамасының жаңартылған тізімін жасақтауға негіз болады. Турнирдің барлық кезеңі екі рингте өтеді, ал финалдық кездесулер 21 қазан күні сағат 12:00-де басталмақ.