27.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Боксшы Ермахан Ибраимов Олимпиаданы бағындыра алатын спортшыларды атады

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
WhatsApp Image 2024 12 25 at 16.27.08

Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы әлемде үздіктер қатарында. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, IBA халықаралық бокс федерациясының ардагерлер және спортшылар коммиссиясының мүшесі, қазір «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Ермахан Ибраимов Sport Pulse порталына осылай деді. Сондай-ақ, сұхбат барысында ол үздік былғары қолғап шеберлерін атап, қазақстандық әуесқой бокстың қазіргі деңгейіне тоқталды.

— Жақында Қарағандыда бокстан ел біріншілігі аяқталып, үздіктерді анықтап алдық. Кімдердің өнерлеріне жоғары баға берер едіңіз?

— Біріншілікте жаңа есімдер пайда болғаны қуантты. Олардың бірі және бірегейі — Төрехан Сабырхан. Ол 67 келі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермей, чемпион атанып, өзінің ең мықты боксшы екеніндігін дәлелдеді. Төрехан жастар құрама командасында капитан, көшбасшы бола біліп, артынан келе жатқан спортшыларды да тарта білді. Осы көшбасшыға тән қасиеттердің арқасында Қазақстан Олимпиада ойындарында өте жақсы өнер көрсете алады. Әрине, Сабырхан Төреханменен жеке кездесіп, әлі әңгімелесеміз. Ол мойнына үлкен жауапкершілік алып отырғанын айтып, түсіндіретін боламыз. Сондықтан да осы көшбасшының төңірегінде басқа боксшыларымыз да жарқ етіп, жұлдыздай жарқырап шығады дегенге сеніміміз мол.
Сондай ақ, бізде17-ші рет ел чемпионы атанған Назым Қызайбай бар. Ағайынды Оралбайлардың өнерлеріне де жоғары баға берер едім. Олардың барлығында да алдағы уақытта Олимпиада чемпионы атануға жағдайлары бар.

e3a21f757e78a21ede46a5f8de2b93f89fdd950cea20312841579da8b4f4e832 880 495

— Жалпы қазақстандық бокстың қазіргі деңгейіне қатысты не дейсіз?

— Бокстан Қазақстан құрамасы дүние жүзінде мойындалған команда. Яғни, біздің құрама үздіктер қатарында. Неге десеңіз біздің команда Олимпиада ойындарына, Әлем біріншіліктеріне, Азия чемпионаттарына әрқашан да толық құрамда қатысуда. Қазақстан, Ресей, Куба мемлекеттерін Халықаралық бокс фередациясының белді мүшелері деп айтуға толық негіз бар. Біздің елде бокс нөмір бірінші спорт түрі болып саналады. Сондықтан, бүгінгі таңда осы үлкен межені ұстап, дамытуға әр спортшы, әр басшы өз үлесін қосып жатыр. Мұны Қазақстан бокс федерациясы, Туризм және спорт министрлігі жақсы түсінеді және оған барлық жағдай жасауға тырысып бағуда. Сондықтан Қазақстанды дүние жүзінде «бокс державасы» ретінде санайды.

— Құраманы күшейту үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Қазақстан құрама командасының аға бапкері Қайрат Сәтжанов өте білікті маман, оған тағы да білікті мамандар қосылып жатыр. Бақыт Сәрсекбаевты бокс федерациясы жұмысқа шақырды. Жақында Америкадан Василий Жиров келіп кетті. Ол спортшылармен кездесіп, өз ойымен бөлісті. Мен жастар және жасөспірімдер құрама командасын тыңғылықты байқап, оларды қадағалап отырмын. Олимпиадаға даярлау орталығында резерв дайындаумен айналысамыз. «Порхать как бабочка и жалить как пчела» — деп кезінде ұлы Мұхаммед Әли айтқандай, біздер Олимпиада чемпиондары боксшылардың аяқпен, қолмен бірге жұмыс істей білу қабілетін бағалап, бапкерлерлік кеңеске өзіміздің ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз.

— Демек, қазақ боксының болашағы жарқын деп сеніммен айтуға болады ғой?

— Иә, дәл солай, біздердің болашағымыз орасан зор. Мықты боксшыларымыз бар. Онымен қоса дарынды спортшыларымыз да өсіп жатыр. Қазірдің өзінде облыстық спорт басқармалары, Қазақстан және облыстық бокс федерациялары, туризм және спорт министрлігі қомақты қаржыны бокс төңірегінде ұйымдастыруда. Сондықтан менің ойымша, бұл спорт түрі елімізде сенімді түрде ары қарай дамитын болады.