29.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бізге жеңіске жету үшін уақыт жетіспеді – Андрей Ферапонтов «Қайсармен» тең ойын туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қызылордада Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турының алғашқы матчында жергілікті «Қайсар» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.

Ойынның алғашқы жартысында алаң иелері қарсылас қақпаға екі доп тоғытты. Дубль авторы Айбар Жақсылықов: Ол 20-минутта және 38-минутта көзге түсті.

Үзілістен кейін алаңдағы жағдай өзгерді – 57-минутта «Қайсар» сапынан Темірлан Мырзағалиев алаңнан қуылды. «Оқжетпес» ойыншылар саны бойынша басымдылықты пайдаланып, екі минуттан кейін Дамир Мараттың соққан добы арқылы, есеп айырмасын қысқартты. Ал 89-минутта Страхинья Йованович дәл соққысымен командасына 2:2 есебімен тең нәтиже сыйлады.

Үш турдан кейін «Оқжетпес» төрт ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орынға көтерілді, ал «Қайсар» екі ұпаймен 11-орында тұр.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихаты

«Оқжетпес» бас бапкері Андрей Ферапонтов ойын нәтижесі туралы пікір білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Андрей Ферапонтов:

– Ойын тарысты өтті, жанкүйерлерге ұнады деп ойлаймын. Эмоцияға толы матч болды. Бір жағынан, командамның мінез көрсетіп, маңызды ұпай алғанына қуанамын, бірақ екінші жағынан – жеңіске жету үшін уақыт жетпей қалды.

Кездесудің екінші жартысында біршама мүмкіндік жасадық, бірақ кейде асығыстық таныттық. Дегенмен, бірінші таймнан кейін жігіттердің қарқын қосқанына ризамын. Бізге әзірге өз күшімізге деген сенімділік жетіспейді, әсіресе ойынның басында. Бұл бірінші турдағы «Тұранға» қарсы матчта да байқалды. Көптеген ойыншыларымыз Премьер-лигада енді ғана тәжірибе жинақтап жатыр, олар тезірек бейімделуі керек. Жаттығуда барын салады, бірақ оны ойын барысында әрдайым көрсете алмайды.

«Қайсарды» жинаған ұпайымен құттықтаймын. Бұл – батыл команда. Олардың ойыны қандай болатынын білдік және соған сәйкес дайындалдық.

– Аяқдопшылардың көбі ораза ұстап жүр. Бұл олардың ойынына әсер етті ме?

– Мүмкін. Біздің командамызда көптеген футболшылар ораза ұстайды. Бүгін, менің білуімше, соңғы күні болды. Әрине, физикалық тұрғыда оңай емес, бұл әсіресе өткен аптада «Ордабасымен» жолдастық матчта байқалды. Бірақ, бақытымызға орай, бүгінгі ауа райы жайлы болды, бұл жағдайды біршама жеңілдетті. Футболшылар ерік-жігерін көрсетті, сол үшін оларға алғысымды білдіремін. Бұл тұрғыда екі команда да тең жағдайда болды.

– «Оқжетпес» шабуылдарының көбі сол қанат арқылы өтті. Бұл «Қайсардың» әлсіз тұсы ма?

– Бұл қарсыластың әлсіздігі емес, Тимур Досмағамбетовтің белсенділігіне байланысты болды. Ол әріптестерімен жақсы байланыс орнатты – бірінші таймда Дамир Маратпен, екінші таймда Йовановичпен. Тимур тәжірибелі ойыншы, доптан қашпайды, жақсы ашылып, өзін сенімді көрсетеді. Осындай сенімділікті бүкіл командадан көргім келеді.

– Биылғы маусымда «Оқжетпестің» мақсаты қандай?

– Әзірге нақты мақсат қойылған жоқ. Бізге маусымның белгілі бір кезеңінен өтіп, команданың қалай дамитынын көру керек. Сонан соң, қандай философия мен ойын стилін іске асыра алатынымызды түсінеміз.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!