03.03.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Біз қойылған міндетті сәтті орындадық – «Ару-Астана» ВК бас бапкері Мейірбек Нұғұспанов

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
тренер ВК Ару Астана

«Ару-Астана» волейболшылары өздеріне қойылған басты міндетті сәтті орындап, Ұлттық лиганың плей-офф кезеңіне шықты. Sport Pulse порталына астаналық команданың бас бапкері Мейірбек Нұғұспанов осылай деді.

Қазір «Ару-Астана» 1/4 финал ойындарына қатысуда. Алғашқы кездесуде олар түркістандық «Тұранмен» күш сынасты. Бапкердің айтуынша, бұл матч оңайға соқпады, себебі қарсылас тәжірибелі әрі шеберлігі жоғары команда.

«Қыздар «Тұранға» қарсы алғашқы ойында жаман ойнаған жоқ. Қарсылас бізден деңгейі жоғары, тәжірибелі, шеберлігі басым команда. Бірақ біздің волейболшылардың алаңдағы ойыны маған өте ұнады. Қателіктер болды, дегенмен жалпы алғанда жақсы өнер көрсетті», – деп атап өтті Нұғұспанов.

Сондай-ақ, бапкер плей-оффқа шығу міндеті орындалғаннан кейін, тұрақты маусымда аз ойын өткізген спортшылар тәжірибе жинау үшін, матчтарға негізінен жастар құрамын қатыстырып жүргенін айтты.

«Бүгін бізде демалыс, ал ертең «Қарағанды» командасына қарсы ойнаймыз. Егер 3:0 есебімен жеңіске жетсек, ал «Қарағанды» бүгін «Тұранды» дәл осы есеппен тізе бүктірсе, бізде келесі кезеңге өтуге мүмкіндік пайда болады», – деді бас бапкер.

«Ару-Астана» – «Қарағанды» матчы ертең сағат 15:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирде Qazsport арнасынан көруге болады.

«Ару-Астана» ВК