Оқу уақыты: 4 мин

«Біз көкпарды футбол сияқты бұқаралық спорт түріне айналдырғымыз келеді» — «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті Алишер Ислам

«Біз көкпарды футбол сияқты бұқаралық спорт түріне айналдырғымыз келеді» — «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті Алишер Ислам

7 мамырда Астанада командалық көкпардан кезекті «Азия Көкпар Лигасы» матчы өтеді. Басталуы — сағат 13:00, өтетін орны — «BalQaragai» аумағы.

Қазақстан Республикасы Көкпар федерациясы мен «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігі сегіз үздік команданың қатысуымен ауқымды спорттық шараны ұйымдастыруда. Қатысушылардың арасында — атақты спортшылар мен танымал медиа тұлғалар бар.

Қонақтарды асық ату, ләңгі тебу, гір көтеру, муляж көтеру және садақ ату чемпионаттары күтеді. Сонымен қатар, қонақтарға палау, кәуап, қымыз ұсынылады. Бүркіт, сұңқар және қазақ тазысы бар фотоаймақ жұмыс істейді.

Sport Pulse порталына берген эксклюзивті сұхбатында «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті Алишер Ислам алдағы шара туралы ақпаратпен бөлісті:

— «Азия Көкпар Лигасының» басты мақсаты қандай?

— Біз командалық көкпар футбол сияқты бұқаралық спорт түріне айналғанын қалаймыз. Оған кәсіпкерлер де, қарапайым жігіттер де, балалар да қатысып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Балалар жастайынан ер-тоқымға сенімді отыруды үйренсе дейміз. Көкпар — көрерменге қызыққа толы Қазақстандағы №1 спортқа айнала алады. Бүгінде ғаламтор шоуға толып тұр, ал бізде назар аударатын өзіміздің, ұлттық, шынайы спортымыз бар.

— Бұл матчты лиганың алдыңғы кезеңдерінен ерекше ететін не?

— Ең алдымен, бұл матч республикалық деңгейде өтеді. Бұрын тек астаналық командалар қатысса, енді Тараздың «Әулие ата» секілді мықты клубтары келеді. Сондай ақ біз арнайы алаң — «Квиддич аренасын» дайындадық. Бұл идеяны «Гарри Поттерден» алдық: бұрышы, ауты жоқ сопақ алаң — ойынды шапшаң әрі қызықты етеді. Бұл — өзіміз жасаған жобамыз, оны ел бойынша енгізу жоспары бар.

— Командалар қалай жасақталды?

— Барлық командалар — өз бетімен дайындалып, алаң тауып, топ құрған жігіттер. Кейбір қатысушылар — 15–16 жастағы жасөспірімдер. Олар «Астана Жастары» командасында ойнайды және көкпармен айналысатын азаматтардың балалары. Енді өз командалары бар, бұл — шабыт береді.

— Қандай танымал тұлғалар қатысады?

— Қатысуға ниет білдіргендердің арасында Қазақстан құрамасы мен «Астана» футбол клубының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен бар. Ол бұл ойынды жақсы көреді, атқа сенімді отырады. «Әулие ата» құрамында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, еркін күрестен Қазақстан чемпионы, қазіргі ММА файтері Нұрғали Нұрғайыпұлы да қатысады.

Нұрғали Нұрғайыпұлы

— Матчтың тікелей көрсетілімі бола ма?

— Иә, тікелей эфирде «Sparta Astana Promotion» YouTube арнасында және Freedom Media платформасында көрсетіледі.

— Қонақтарға қандай шаралар ұсынылады?

— Біз отбасылық аудиторияға бағытталғанбыз. Шеберлердің қатысуымен асық атудан жарыс өтеді, «Жеңіс» футбол клубының жігіттері ләңгі тебеді, әкелерге арналған гір көтеру бойынша жарыстар, муляж көтеру, садақ ату және «Королевство» компаниясынан балаларға арналған ойындар ұйымдастырылады. Қонақтарға палау, кәуап, қымыз ұсынылады. Бұл нағыз ұлттық дәстүрлер мерекесі болады.

— Қай ойындарға қызығушылық көп?

— Әрине, жылқылар. Бұл — қанымызда бар. Тарихқа сәйкес, алғаш жылқыны 4 мың жыл бұрын бізде, Петропавл маңында қолға үйреткен. Көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ — жылқымен байланыстының бәрі қуаныш пен таңданыс тудырады. Тек жарысты ғана емес, әртүрлі спорт түріндегі жылқылардың өзін көру қызық. Біз мұны жарқын, заманауи, креативті форматта көрсеткіміз келеді.

— Көкпарды ойнап көруге бола ма?

— Әрине. Бізге әртүрлі адамдар көптеп жүгінеді. Бізде ашық лига — кез келген адам қатыса алады. Өткен жылы «Мен көкпарға қатысқым келеді» деген топ құрдық — адамдар атқа тапсырыс беріп, тәжірибе жинап, командалар құрды. Алғашында 4 ұжым болса, қазір 8–9 команда бар. Қатысушылар арасында — әскери қызметкерлер, құрылысшылар, студенттер, ММА спортшылары бар. Біз бәрін біріктіргіміз келеді.

— Жастар қатыса ма?

— Иә, Астана қаласы әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығының «Астана Жастары» командасы қатысады. Олар жоғарғы деңгейде өнер көрсетеді деп ойлаймын. Кейбірі ағаларынан да жақсы ойнап жүр.

— Мәдени бөлім қалай таңдалды?

— Біз әртүрлі ат спорты түрлерін ұзақ зерттедік — родео, конкур. Олардың қалай безендіргенін қарап, соған ұқсастырып жасадық. Қазақи үлгі қостық. Суретке түсуге арналған үлкен арка болады, бәрі талғаммен безендіріледі. Біз отбасылар келсін дейміз. Мысалы, «Барыс» матчтарында хоккейден бұрын — шоу мен ойын-сауық болады. Сол секілді ұлттық ойындарымызға да дәл сондай қызығушылық тудыру керек деп шештік.

— Неге дәстүрді спортпен ұштастыру маңызды?

— Өйткені бұл — өзіміздікі. Қазір патриотизм артып келеді, адамдар шапан киеді, ұлттық киім дүкендері ашылып жатыр. Бұл — сәнге айналды. Қазір — дәстүрді қайта жаңғыртуға ең қолайлы уақыт. Түрлі үлгідегі брендтер, асханалар, мейрамханалар пайда болуда. Сондықтан, меніңше, дәл қазір бұл Қазақстанға өте қажет дүние. Көшпенділер ойындары — осы жолдағы керемет бастама.

— Қанша қонақ күтілуде?

— 500–1000 адам аралығы. Барлығына қызықты болатын шаралар табылады деп сенеміз.

— Ыңғайлылық пен қауіпсіздікке қатысты қандай шаралар қабылданған?

— Демалыс аймақтары, фудкорттар, ойын және көрермен алаңдары болады. Қауіпсіздік бойынша ауданның спорт басқармасы және әкімдікпен жұмыс істейміз. Барлығы ресми бекітілген.

— Лиганы кеңейту жоспары бар ма?

— Иә, келесі кезең 31 мамыр – 1 маусымда Алматы облысы Талғар ауданындағы Almaty Horse and Polo Club аумағында өтеді. Онда кәсіби ойыншылар өнер көрсетеді. Алдағы уақытта Бурабайда матч өткізгіміз келеді — Абылайхан алаңының аясында, дронмен түсірілім жасап, әдемі видеоларды дайындаймыз. Бұл — қазақстандықтардың ғана емес, туристердің де қызығушылығын тудырады.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!