25.01.2025
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бивол мен Бетербиев айқасы: Белбеулер тағдыры кімнің қолында?

IMG 9191

Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасындағы реванш тақырыбы соңғы уақыттары бокс әлемінде ең қызу талқыланып жатқан жекпе-жектердің бірі. Қос азулы боксшының рингтегі мүмкіндігі және оларды салыстыру жанкүйерлер мен сарапшылар арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Бұл мақалада олардың өткен кездесулеріне, стильдік ерекшеліктеріне тоқтала өтіп, алда өтетін реванштың мән-маңызы туралы баяндаймыз.

IMG 9193

Артур Бетербиев – жеңілмеген чемпион, оның Биволға дейінгі барлық жекпе-жектері нокаутпен аяқталған. Артурдың рингтегі артықшылығы – жойқын күш, қарсыласқа қысым көрсету шеберлігі, сондай-ақ физикалық дайындықтың жоғары деңгейі. Бетербиевтің мықты соққыларына төтеп беру оңай емес, ал оның агрессивті стилі кез келген қарсыласты қиын жағдайға қалдырады. БТР атымен танымал боксшының жасы 40-қа келсе де, жойқын соққысы өз қалпында.

Дмитрий Бивол – керісінше, өте техникалы және есеппен жұмыс істейтін боксшы. Ол рингте ақылға сүйеніп, қарсыласының қателігін шебер пайдалана алады. Биволдың шапшаңдығы мен қорғанысы оның негізгі қаруларының бірі болып табылады. Аяқта өте жеңіл жұмыс жасайды және оның осы қасиеті Бетербиевке қарсы өткен алғашқы жекпе-жегінде біраз қиындық тудырған болатын. Оның Сауль «Канело» Альваресті жеңуі Биволдың жоғары деңгейлі қарсыластарға қарсы сәтті өнер көрсете алатынын дәлелдеді.

IMG 9192

Бетербиев — Бивол алғашқы жекпе-жек

Бетербиев пен Биволдың алғашқы жекпе-жегі жанкүйерлер арасында үлкен резонанс тудырған болатын. Бетербиевтің жойқын күшін, Биволдың шебер тактикалық ойынына қарсы қою, қалың жұртқа нағыз бокс өнерінің үлгісін көрсетті. Бивол жеңіл қимылдап, соққылардан аулақ бола білді, ал Бетербиев үнемі қысым жасап, қарсыласын тығырыққа тіреуге тырысты. Бұл тек физикалық күш емес, психологиялық күрес болғаны анық. Артур бұл жекпе-жекте бар күшін чемпиондық раундтарға жұмсап, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Бетербиев — Бивол реваншының маңызы

Реванш бұл рингтегі жәй ғана жекпе-жек емес, бокс тарихында өшпес ізбен қалатын оқиға болары сөзсіз. Әлемнің үздік төрт белбеуі сарапқа салынатын бұл бокс кешінде Бетербиев жеңіске жетсе, ол өзін тек нокаут шебері ғана емес, өзін толыққанды чемпион ретінде дәлелдейді. Ал Биволдың жеңісі оның рингтегі шеберлігін тағы бір мәрте көрсетіп, жеңіл салмақтағы ең үздік боксшылардың бірі екенін бекіте түседі.

Спорт Пульс тілшісі бұл тарихи жекпе-жектің нәтижесі қандай болатынын бокс саласының үздіктерінен сұрап көрді.

1EE57248 4A4B 41FE 90D9 98037F2E2897

Қос боксшы арасындағы алғашқы жекпе-жек жанкүйерлер арасында төрешілік тарапынан резонанс тудырған соң, порталымыздың тілшісі Қазақстан кәсіпқой бокс комиссиясының төрешісі Бауыржан Искаковтың пікірін білді.

Реваншты жекпе-жек болғанымен қоса, әлемнің төрт белбеуі сарапқа салынатын болғандықтан кеш өте маңызды әрі қызықты болары сөзсіз. Алғашқы жекпе-жекте Бетербиев жеңіске жеткенімен, анау айтқандай басымдық көрген жоқпыз. Сол жекпе-жектен кейін екеуі де бір-бірін жақсы танып алды. Ал реваншта Бивол жеңеді және бұл оның тарихтағы ең үздік жекпе-жегі болады деген ойдамын. Сонымен қатар, есеп тең болған жағдайда, үшінші жекпе-жек ұйымдастырылып, арты трилогия болса да таңғалмаймыз.

Қазақстандық әйгілі кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы Биволды нокаутпен жеңіледі деп болжады.

Алғашқы айқаста Артур төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Оның қандай мықты боксшы екенін көпшілік біле бермейді. Биволдың есімі Канелоны жеңгеннен кейін шыға бастады, егер сол сәтте Бивол өзінің емес, Канелоның салмағында шығатын болса, бәрі басқаша болар ма еді. Осы реваншта Артур нокаутпен немесе техникалық нокаутпен жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Спорт журналисі және спорт комментаторы Мерей Әли Бетербиевтің абсолютті чемпион болып қала беретінін айтты.

Бивол бұл жекпе-жекке белбеу үшін емес, абырой-намыс үшін шығатынын хабарлады. Оған қоса, Биволдың бұрынғы әйелі алғашқы айқас төңірегіндегі драманы өршіте түсті. Енді оның реваншқа ықпалы азайса керек. Қарымта айқаста толық 12 раундты қамтиды. Олай болғанымен бұл жолғы сценарий сәл өзгеше, жанкүйерлер өткен жолы Дима Биволдан “Канелоға” қолданған жоғарғы техниканы күтті. Бірақ, Артурдың қолдары да, бойы да алыс қашықтықтан бомбалауға қолайсыз болып шықты. Бивол оңға-солға серпіліп Бетербиевтің ауыр соққыларынан жалтаруға тырысады. Ал, Артурдың бұрыштарды жылдам қиятын джептері бар, қандай жолмен болсын Биволды канатқа тықсыра түспек. Нәтижесінде, төрешілер шешімімен тағы да Артур Бетербиев жеңіп шығады.

IMG 9196

Жекпе-жек қашан өтеді?

Бұл айқас 22 ақпанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтеді. Жекпе-жек барысында екі боксшы да WBA, WBC, WBO, IBF, IBO белбеулері үшін таласады. Бокс кешінде бірден жеті чемпиондық жекпе-жек жоспарланған. Солардың бірі Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасында өтеді. Қос боксшы жекпе-жек алдындағы алғашқы көзқарастар айқасын (face to face) өткізіп үлгерді.

Жеңімпаздың келесі қарсыласы кім болады?

1 ақпан күні WBC чемпионы Дэвид Беннавидес пен Давид Моррел арасындағы айқас жеңімпазы Бивол мен Бетербиев арасындағы жекпе-жектің міндетті қарсыласы атанады. Одан бөлек, осы бокс кешінде Хамза Шираз бен Карлос Адамес арасындағы жеңімпаз, қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановтың міндетті қарсыласы атанады.