19.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Бек Төлеу: «Интер Майами» топтан шыға алмайды»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Бек Төлеу: «Интер Майами» топтан шыға алмайды»

Маусымның 19-нан 20-на қараған түні Клубтар арасындағы әлем чемпионатының А тобының екінші туры аясында «Интер Майами» клубы «Порту» аяқдопшыларымен кұш сынасады. Алғашқы турда «Интер Майами» — «Әл-Ахлимен», ал «Порту» — «Палмейраспен» 0:0 есебімен тең түсті.

Sport Pulse порталына берген сұхбатында спорт журналисі, сарапшы және комментатор Бек Төлеу алдағы ойынға қатысты пікір айтты.

— «Интер Майами» мен «Порту» алғашқы турда гол соға алмады. Бұл олардың шабуылдағы әлсіздігін көрсете ме, әлде қарсыластарының қорғанысы тым мықты болды ма?

— Қысқаша айтқанда, А тобындағы екі ойында да есеп ашылмады, барлық команда бір ұпайдан еншіледі. Бірақ бұл тек шабуылдағы әлсіздік емес. Мысалы, «Интер Майамидің» аргентиналық қақпашысы матчтың үздігі атанды, ол пенальти қайтарып, «Әл-Ахлиге» жеңіске жетуге мүмкіндік бермеді. Демек, кейде қақпашы шеберлігі де шешуші рөл атқарады.

— Месси бастаған «Интер Майами» жұлдыздары алғашқы ойында өз деңгейін көрсете алды ма? Олардың ойынына қандай баға бересіз?

— «Интер Майамиде» аты дардай жұлдыздар жеткілікті – Месси, Суарес, Бускетс, Жорди Алба. Бірақ бұл футболшылардың шарықтау шегі артта қалды. Олар баяу, жылдамдық жетіспейді. Сондықтан еуропалық деңгейдегі қарсыластармен ойнау қиынға соғады. Бұл жастағы ойыншылардың физикалық әлеуеті бұрынғыдай емес.

— «Порту» еуропалық тәжірибесі бар клуб ретінде «Палмейрасқа» қарсы ойында қандай мүмкіндіктерді жіберіп алды?

— «Порту» мен «Палмейрас» бір-біріне ұқсас командалар – тілдері де, стильдері де жақын. Бұл матчта нақты бір басымдық байқалмады. Алайда «Портудан» көбірек күткендер көп болды, себебі олар – Еуропа өкілі. Бірақ олар да шешуші сәттерде нақты мүмкіндіктерді пайдалана алмады.

— Екі команда да келесі кезеңге өту үшін тек жеңісті ойлау керек. Осы матчта шешуші фактор не болады деп ойлайсыз?

— Матч тағдырын анықтайтын фактор – физикалық дайындық пен жылдамдық. Бұл тұрғыдан «Портуның» артықшылығы бар. Ал «Интер Майамидің» жұлдыздары баяу, сондықтан ойын қарқыны жоғары болса, олар қиналуы мүмкін.

 — А тобында қай команда плей-оффқа шығуға басты үміткер болып тұр? «Интер Майами» мен «Порту» арасындағы ойын турнир тағдырына қаншалықты әсер етеді?

 — Бұл топ өте қызықты, себебі төрт команда – төрт құрлық өкілі: «Интер Майами» – Солтүстік Америка, «Палмейрас» – Оңтүстік Америка, «Порту» – Еуропа, «Әл-Ахли» – Африка. Қазірше «Порту» мен «Палмейрастың» келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғарырақ. Ал «Интер Майами» үшін бәрі осы ойында шешілуі мүмкін, бірақ олар топтан шыға алмауы да ықтимал.

Узнайте первыми результаты всех футбольных матчей на нашем сайте Страница результатов матча