11.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бек Тайтөлеуов: «Қарсыласым ереже бұзудан әлемдік рекорд орнатты»

Бек Тайтөлеуов: «Қарсыласым ереже бұзудан әлемдік рекорд орнатты»

8 ақпан Алматыда Nomad Fighting 12 турнирі өтті. Турнирде жалпы саны 10 жұп өзара мықтыны анықтады. Жекпе-жек кеші аяқтала салысымен Бек Тайтөлеуов пен Ұлан Нұрғали арасындағы айқас көрермен талқылауына түсті. «Куба» атымен танымал файтер Бек Төлеуов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында төрешілікке көңілі толмайтынын жеткізді. Спорт Пульс тілшісі спортшының өзінен мән-жайды сұрап білді.

Бек жекпе-жектің өте лас өткенін айтты

Жекпе-жек өте лас болды. Бір сөзбен айтқанда қарсыласым ереже бұзудан әлемдік рекордты орнатты. Ұланға келесі жолы көз шұқудан жекпе-жекке шыққан дұрыс болар. Халық кімнің нағыз чемпион екенін көрді. Бізге бұндай жеңістен көрі, абыройлы жеңіліс артық. Жеңіске бар күшім жетті, мықты дайындықпен келдім. Өйткені, мұндай мүмкіндік әрдайым бола бермейді.

Қарсыласының соққыны дұрыс жасамауы жекпе-жекке қаншалықты әсер еткені жайында:

Өте жаман әсер берді. 5 раунд бойы бір көзіммен тек характердің арқасында төбелесіп шықтым. Жарақат 90% әсерін берді, артық соққылар өткізіп алдым. Менің бұрыңғы жекпе-жектерімді көрсеңіздер мен минимум урон аламын. Техникаға жұмыс жасап, соққы алмауға тырысамын. Бізде жауынгерлік IQ жоғары деңгейде.

Спортшы рефери Халил Мамиевті не үшін сториске салғанын айтты

Иә, төрешіні сториске салдым. Өйткені, бұл өте ауыр қателік. Қарсыластың қателігін бір-екі рет көрмей қалса, жарайды. Ал жекпе-жекте жеті-сегіз рет көзге бағытталған қисық соққылар (нұқу) болды. Оны көрмеу мүмкін емес. Ол төрешіге қарсы іс-шаралар қабылдау керек. Тіпті бұндай реферилерді спорттың маңайына да жолатпау қажет. Ертең бір баланың денсаулығына үлкен зақым келсе, жауап бере ме солар?

Бек қазіргі денсаулығы туралы

Аллаға шүкір, аманбыз. Денсаулық сыр беріп тұр, бірақ ем алудамын. Екі көзімді және мұрнымды емдеу қажет. Бәрі жақсы болса, мықты болып қайта ораламыз.

«Жекпе-жекті қайта қарауларыңызды сұраймын»

Лигаға анау айтқандай ренжішім жоқ. Бірақ өз жауынгерлерінің денсаулықтарына қарап, ем жағынан қаражатпен қамтамасыз етіп көмек көрсеткендері дұрыс болар еді. Кәсіби лига ретінде дамимыз десеңіздер, бұл жекпе-жекті қайта қарауларыңызды сұраймын. Белбеу беріңіздер демеймін, тек ноу контест жасағандарыңызды сұраймын және реванш берілсе деймін. Нағыз чемпионды ешқандай еркже бұзусыз анықтайық. Әрине, лига басшысы Мұхаммеджанға және ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін, осындай мүмкіндіктер үшін. Тек қазақ батырларының сағын сындырмаса екен деймін.