07.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Бейбарыс Аширбай Азия чемпионатының жартылай финалына мерзімінен бұрын жолдама алды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Бейбарыс Аширбай Азия чемпионатының жартылай финалына мерзімінен бұрын жолдама алды

Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан World Boxing ұйымының 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан боксшысы Бейбарыс Аширбай кемі қола медальді қамтамасыз етті.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аширбай ширек финалда Моңғолия өкілі Баттумур Ньям-Очирмен жұдырықтасты. Отандасымыз жекпе-жекті сенімді бастап, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Ал екінші раундта бұл жағдай тағы екі мәрте қайталанып, төреші кездесуді уақытынан бұрын тоқтатты.

Осылайша, Бейбарыс Аширбай жарыстың жартылай финалына жолдама алып, қола жүлдені кемі өз еншісіне жазды. Ал моңғол спортшысы турнирмен қоштасты.

Жартылай финалдық жекпе-жектер 8 тамызда, финалдық кездесулер 10 тамызда өтеді.