28.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Бауыржан Исламхан «Астана» сапына қосылды, бірақ матчқа қатыспайды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Бауыржан Исламхан «Астана» сапына қосылды, бірақ матчқа қатыспайды

Қазақстандық жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Зимбруға» қарсы жауапты матч алдында «Астана» командасының орналасқан жеріне — Кишиневке келіп жетті. Бұл туралы елордалық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Дегенмен, Исламхан алдағы матчта алаңға шықпайды. Ол тек команданың ішкі атмосферасына бейімделіп, жаттығу процесіне қосылады.

Айта кетейік, екі команданың Астанада өткен алғашқы кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталған. Жауапты ойын 31 шілде күні Молдова астанасы Кишиневте өтеді. Келесі кезеңге өткен команда «Вардар» (Солтүстік Македония) – «Лозанна» (Швейцария) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Бауыржан Исламхан — қазақстандық футболда тәжірибесі мол ойыншы. Ол 2014–2019 жылдар аралығында «Қайратта» ойнап, команданың көшбасшысына айналған. Сонымен қатар, «Тараз», «Ордабасы», «Туран», Ресейдің «Кубань» және БАӘ-нің «Аль-Айн» клубтарында да өнер көрсеткен.

 

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!