28.03.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Бавария» Канада футбол қауымдастығын Альфонсо Дэвистің жарақатына байланысты сынға алды

BBC Sport хабарлағандай, «Бавария» қорғаушысы Альфонсо Дэвис ұлттық құрама сапында ауыр жарақат алғаннан кейін, клуб Канада футбол қауымдастығын қатаң сынға алды.

Дэвис КОНКАКАФ Ұлттар лигасының үшінші орны үшін өткен АҚШ-пен матчтың 12-ші минутында тізесінен жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Алайда Канада құрамасының дәрігерлері оның жарақатын анықтамай, ойыншыны Германияға қайтарды. Кейін «Бавария» медициналық тексеру жүргізіп, крест тәрізді байламның үзілгенін анықтады.

«Ауыр жарақат алған ойыншыны мұқият медициналық тексерусіз он екі сағаттық ұшаққа отырғызу — өрескел немқұрайлылық», — деді «Бавария» бас директоры Ян-Кристиан Дреезен.

Клубтың спорт директоры Кристоф Фройнд Канада тарапын «шектен шыққан әрекет жасады» деп айыптап, «Бавария» оқиғаны тексеретінін мәлімдеді.

Ақпан айында «Бавариямен» бес жылдық келісімшартқа қол қойған Дэвистің қалпына келуі кемінде жарты жылға созылады. Бұл жарақат мюнхендік клуб үшін ауыр соққы болды, себебі бұған дейін команда Дайо Упамекано мен капитан Мануэль Нойерді де жарақат салдарынан жоғалтқан еді.

 

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!