14.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Батыс Қазақстан облысында «Жайық» футбол клубы құрылды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірде жаңа «Жайық» футбол клубының құрылғанын мәлімдеді. Клуб аймақтық футболды дамытуға бағытталған маңызды жобаларды қолға алуды көздеп отыр.

Клубтың құрылтайшылары ретінде Дамир Калаков пен Асылхан Сапиев тағайындалды. Калаков спорттық бағытқа жауап берсе, Сапиев демеушілер мен серіктестер тарту жұмысымен айналысады.

Клуб жобасына 80 миллион теңге көлемінде инвестиция құйылған. Оның ішінде 65 миллион теңге бұрынғы «Ақжайық» клубының ойыншылары мен жаттықтырушыларына еңбекақы бойынша қарызды өтеуге бөлінсе, 15 миллион теңге екінші лигада ойнауға лицензия алуға бағытталады.

«Жайық» футбол клубының басты мақсаты – өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Сондай-ақ, жергілікті спортшылар мен мамандарды тарту – негізгі міндеттердің бірі.  Клубтың спорттық директоры Дамир Калаков өзінің «Бәйтерек» футзал клубын басқарудағы тәжірибесіне сүйене отырып, клубтың болашағына сенімді екенін білдірді:

«Батыс Қазақстан облысында футболдың әлеуеті жоғары. Біз кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көтерілетінімізге сенемін. Алда – жаңа жеңістер, жаңа мүмкіндіктер».

Клубтың жұмысын ашық жүргізу үшін арнайы қадағалау комитеті құрылады. Оның құрамына жас футболшылардың ата-аналары, спорт сарапшылары мен жаттықтырушылар кіреді. Бұл комитет басшылықтың жұмысын бақылап, кеңес беріп, даму бағытын қадағалайтын болады. Өңірде балалар футболының қайта қолға алынғаны ата-аналар арасында үлкен қуанышпен қабылданды. Жергілікті тұрғын Ұлғаным Тұрдалиева:

«Балаларымыз футболды жақсы көреді, олардың әлеуеті зор екеніне сенеміз», – деп өз қуанышын жеткізді.

Жаңа клубтың футболшылары да алдағы өзгерістерге ерекше ынтамен қарап отыр. Команда капитаны Бауыржан Омаров:

«Бізді үлкен белестер күтіп тұр, өзімізге жүктелген міндетті орындауға дайынбыз», – деп мәлімдеді.

Футболшылар биылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 ақпаннан бастайды. Қазіргі таңда клуб барлық жоспарларын жүзеге асыру бойынша жұмысты бастап кетті.