04.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Батуттағы гимнастика: Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандықтар анықталды

Батуттағы гимнастика: Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандықтар анықталды

5-9 қараша күндері аралығында Испанияның Памплона қаласында батуттағы гимнастикадан 38-ші әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

39 елден 823 спортшы сынға түсетін бәсекеде Қазақстан атынан Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Никита Тумаков, Виктория Бутолина, Данил Мусабаев жүлдеге таласады.

Айта кетейік, Қазақстан спортшылары 2025 жылғы әлем кубоктарында бірнеше жүлде алып та үлгерді.

Алдымен сәуір айында Риччоне (Италия) қаласында ұйымдастырылған әлем кубогының кезеңінде Роман Барков пен Ерлан Тасмағамбетов жұбы қола медаль жеңіп алды.

Қыркүйек айында Котбус қаласында (Германия) өткен әлем кубогы кезеңінде Данил Мусабаев пен Никита Тумаков синхронды секіруден чемпион атанды.

Қыркүйек айының соңында Варнада (Болгария) өткен әлем кубогы кезеңінде аралас синхронды секіру сайысында Виктория Бутолина мен Ерлан Тасмағамбетов қола жүлдегер атанған еді.