Оқу уақыты: 2 мин

«Бастапқы қысымды еңсерсек – жеңіске жетуіміз мүмкін». Александр Олейник Қазақстан құрамасының Данияға қарсы өтетін матчтағы мүмкіндіктерін бағалады

«Бастапқы қысымды еңсерсек – жеңіске жетуіміз мүмкін». Александр Олейник Қазақстан құрамасының Данияға қарсы өтетін матчтағы мүмкіндіктерін бағалады

14 мамырда Хернинг қаласындағы «Йюске Банк Боксен» аренасында хоккейден Қазақстан құрамасы 2025-ші жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі төртінші ойынын өткізеді. Қарсылас – турнир иелерінің бірі Дания құрамасы. Естеріңізге сала кетейік, чемпионат екі елде – Швецияда (Стокгольм) және Данияда (Хернинг) өтуде.

Дания құрамасы алғашқы үш матчта жеңіліс тапты: АҚШ (0:5), Швейцария (2:5) және Чехияға (2:7) есе жіберіп, В тобында соңғы орында тұр. Әзірге олардың бірде-бір ұпайы жоқ.

Қазақстан құрамасы турнирді Норвегияны 2:1 есебімен жеңіп бастады. Алайда одан кейін Германиядан (1:4) және Венгриядан (2:4) ұтылып қалды. Қазір командада 3 ұпай бар, В тобында алтыншы сатыда келеді.

В тобында үш жеңісі бар Германия көш бастап тұр. Ал А тобында алғашқы үш ойында да жеңіске жеткен Канада бірінші орында.

Қазақстан мен Данияның плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі әлі де бар, бірақ аса жоғары емес. Дегенмен, қос команда әр ұпай үшін соңына дейін күресетіні анық, сондықтан 14-ші мамырдағы кездесу шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Белгілі хоккей сарапшысы әрі комментатор Александр Олейник Sport Pulse порталына алдағы ойынға қатысты болжам айтты:

— Бұл — турнирдегі шешуші ойындардың бірі болады деп ойлаймын. Дания – бізбен деңгейлес команда, оларды жеңуге болады. Бірақ өте қиын болары анық. Біріншіден, олар өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында ойнайды. Мотивациялары өте жоғары. Оның үстіне, командалары жас, жігіттер шапшаң, жанары жанып тұр. Дания өте агрессивті хоккей көрсетеді. Және төрешілердің алаң иелеріне болысуы мүмкін екенін де ұмытпаңыздар – бұл әрқашан әсер етеді. Ұйымдастырушылар да өз ел құрамасының нәтиже көрсетуіне мүдделі. Дания үшін плей-оффқа шығу қиын болуы мүмкін, бірақ олар соңына дейін күреседі. Иә, оларда әзірге ұпай жоқ, бірақ бұл беріле салады деген сөз емес. Керісінше — ойынға ашулы, шапшаң келеді.

Бәлкім, бізге бастапқы қысымды еңсеру қажет болады. Егер соған төтеп берсек – оң нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі артады. Ал егер бірінші болып гол соқсақ, ойын барысын бақылау жеңілдей түседі. Тактикалық тұрғыда да оңайырақ болады. Меніңше, негізгі уақытта командалар тең ойнайды. Бірақ бұл біз үшін өте ауыр матч болайын деп тұр.

Қазақстан мен Дания арасындағы ойынды тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасы көрсетеді. Көрсетілім Қазақстан уақыты бойынша 23:10-да басталады.